Қарағандыда көлеңкелі экономикамен күрес күшейтілуде
Қала «SALYQ КЭШБЭК» жобасына ресми түрде қосылды. Бұл бастама азаматтарды сатып алған тауарлары мен қызметтері үшін фискалдық чек талап етуге ынталандыру арқылы кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның басты мақсаты – көлеңкелі айналымды азайтып, салықтық тәртіпті жақсарту. Бұл туралы арнайы брифинг барысында айтылды.
Қарағанды өңірінде тұрғындар үшін тиімді жаңа жүйе ресми түрде іске қосылды. Енді қарағандылықтар дүкеннен немесе қызмет көрсетушіден алған әрбір фискалды түбіртек арқылы төленген қосылған құн салығының бір бөлігін қайтарып ала алады. Бұл бастама азаматтарды көлеңкелі экономикамен күресуге ынталандыру мақсатында қолға алынып отыр. Жоба салықтық тәртіпті арттырып қана қоймай, қарапайым тұтынушы үшін де қаржылық жағынан пайдалы болмақ.
– Жоба 2023-2024 жылдары Қаржы министрлігі жанындағы арнайы комитеттің бастамасымен әзірленді. Алғашқы кезеңде пилоттық режимде Ақмола және Абай облыстарында іске асырылды. Осы өңірлердегі тәжірибе мен нәтижелерді саралай отырып, жоба келесі кезеңде Қарағанды қаласында жаңғыртылып, кеңейтіліп отыр. Басты мақсат – азаматтарды кассалық бақылау машиналары арқылы берілетін фискалды түбіртектерді талап етуге және оны белсенді түрде пайдалануға ынталандыру. Бұл арқылы көлеңкелі экономикамен күрес тиімдірек жүргізіледі. Сонымен қатар, түбіртек алған азаматтарға белгілі бір көлемде сыйақы беру қарастырылған, яғни бұл бастама тұтынушы үшін де пайдалы. Қарағанды – еліміздің ірі өндірістік және сауда орталықтарының бірі. Мұнда жаңа жүйені енгізу арқылы қала тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттырып, салықтық мәдениетті қалыптастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, бұл өңірдегі тәжірибе республиканың басқа аймақтарына үлгі бола алады. Кассалық тәртіптің артуы, көлеңкелі табыстың азаюы, азаматтардың салық жүйесіне деген сенімінің нығаюы және бюджетке түсетін түсімдердің көбеюі – жобадан күтілетін басты нәтижелер. Сонымен қатар, түбіртек жинау мәдениетін қалыптастыру арқылы тұтынушылар өз құқықтарын қорғай алатын болады, – деді Қарағанды облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменов.
Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және өңірлік демеушілердің қолдауымен жүзеге асты. Ақпараттық жүйені «IT Analytics» компаниясы әзірлеген.
– Өткен жылы бұл жоба алғаш рет Семей қаласында пилоттық режимде жүзеге асырылды. Пилот нәтижесінде екі рет салық жиналды, сондай-ақ салық төлеушілер арасында онлайн-кассаны қолдану көрсеткіші артты, – дейді «IT Analytics» ЖШС директоры Шынболат Құрмашев.
Жобаға қатысу үшін Amian қосымшасын жүктеу қажет. Тек шағын және орта бизнеске қатысты түбіртек қабылданады. Бір күнде 3 түбіртекке дейін тіркеуге болады. Жылдық лимит – 20 000 теңге.
– Енді ең қызықты бөлігіне келейік: менің қолымда фискалды чек бар, сол чек бойынша кэшбэк алу үшін, кәсіпкер берген мәліметтер алдын ала тексерілген, яғни бұл чекке кэшбэк есептелетін болады. Ол үшін мобильді қосымшада QR батырмасын басу керек. Сол кезде камера ашылады, сәйкесінше осы чектегі QR-кодты сканерлейміз. Қазір жүктеу үдерісі жүріп жатыр. Бұл дегеніміз – чектің рас екенін тексеру үшін сұрау салынады. Егер чек рас болса, экранда бірден: «Salyq кэшбэк – 11 тг 98 тиын, 14 күннен кейін сіздің шотыңызға түседі» деген жазу шығады, – деп атап өтті «IT Analytics» ЖШС директорының орынбасары Ғабит Серікбаев.
«SALYQ КЭШБЭК» – салықтық тәртіпті жақсартуға бағытталған жоба. Түбіртек талап ет. Қосымша арқылы пайда көр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА.
«QH»