Қарағандыда ірі сүт фермасы іске қосылды
Қарағанды облысының Осакаров ауданында сүт өндірісін өркендетуге арналған ауқымды жоба іске асырылуда. Жобаға бағытталған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеден асады. Родников ауылдық округінде жаңа сүт-тауар фермасының алғашқы кезеңі пайдалануға берілді. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына жеткен кезде жылына 70 мың тоннадан астам өнім шығармақ.
Жобаның жүзеге асу барысын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көріп, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
– Біз бие сүтін өңдеуден бастап, толық циклді көпсалалы холдингке дейінгі агроөнеркәсіптік кластер қалыптастырып жатырмыз. Оның басты нысаны – сүт-тауар фермасы. Алғашқы кезеңде 1 200 басқа арналған сауын сиыр кешені іске қосылды. Қазір екінші кезеңнің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2027 жылы тағы 2 400 басқа арналған екінші кезеңді іске қосу жоспарланған. Ал 2028 жылы 2 400 басқа есептелген үшінші кезеңнің құрылысын бастаймыз. Осылайша сауын сиыр саны 6 мың басқа дейін көбейеді. Ал төлдерді қоса есептегенде, жалпы мал саны 15 мыңнан асады, – деді «Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади.
Фермада голштин-фриз тұқымдас сиырлар заманауи талаптарға сай күтіледі. Мал қоралары кең әрі жайлы жабдықталған. Жануарлардың жем мен суға еркін қол жеткізуіне жағдай жасалған.
Ал төлдер күн сайын ветеринар мамандардың бақылауынан өткізіліп, денсаулығы жіті қадағаланады.
Жаңа агроөнеркәсіптік кешен жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Компания иелігіндегі жер көлемі 56 мың гектарды қамтиды. Оның ішінде 10 мың гектар алқап суармалы жер санатына жатады. Қазір ферма үшін жеке жемшөп базасын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
Астық және майлы дақылдарды сақтауға арналған сыйымдылығы 35 мың тонна элеватор да іске қосылды. Алдағы уақытта оның өткізу және сақтау мүмкіндігін 50 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Нысандағы өндірістік үдерістер толық автоматтандырылған. Шикізаттың сапасын анықтау және сертификаттау үшін арнайы зертханада тұрақты бақылау жүргізіледі.
Бұдан бөлек, сыйымдылығы 17 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы бой көтерді. Қазіргі таңда тағы үш қойманың құрылысы жалғасып жатыр. Олар пайдалануға берілгеннен кейін көкөніс сақтау мүмкіндігі қосымша 35 мың тоннаға артады.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

