Қарағандыда Еуропалық иммундау апталығы өтті

Қарағанды облысында тұрғындардың денсаулығына бағытталған маңызды шара – Еуропалық иммундау апталығы өтті. Бұл акцияның негізгі мақсаты – жұқпалы аурулардың алдын алуда вакцинацияның маңызын түсіндіру және қоғам назарын осы бағытқа аудару.

«Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді» ұранымен өткен апталық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен ұйымдастырылып отыр.

Иммундау – адам өмірін аман сақтап қалатын ең тиімді әдістердің бірі. Бүгінде көптеген жұқпалы аурулар сирек кездескенімен, олар әлі де әлем бойынша өлім-жітім мен мүгедектіктің басты себептерінің бірі саналады. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар арасында жағдай күрделі. ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын әлемде 1,4 миллионға жуық бала алдын алуға болатын аурулардан көз жұмады.

– Вакциналар бұрын кең таралған аурулардың таралуын азайтуға, кей жағдайда мүлдем жоюға мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде 21 түрлі жұқпалы ауруға қарсы екпе Ұлттық күнтізбе аясында тегін жүргізіледі. Бұл – мемлекет ұстанған иммундау саясатының нақты нәтижесі. Қажет жағдайда сырттан әкелінген инфекция ошақтарын оқшаулау және жою да осы жүйе арқылы реттеледі, – деді Қазбек би ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Жанар Беркімбаева.

Дәрігерлер вакцинадан бас тартқан ата-аналармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, шалғай ауылдарда тұратын тұрғындар үшін көшпелі медициналық бригадалар ұйымдастырылған.

– Былтыр өзіміздің №3 емханада 400-ге жуық қыз бала вакцина алды. Қазір олар денсаулықтарына ешқандай шағым айтпай, екінші кезеңнің екпесін алып жатыр. Барлығы ата-аналардың келісімімен және дәрігер бақылауымен жүргізіледі, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің педиатры Маржан Әмірханова.

Иммундау – халықтың барлық топтары үшін қолжетімді және тегін. Апталық аясында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жедел желі арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кеңес беру жұмыстарын ұйымдастырды.

Мамандар барлық мекемелер мен қоғам өкілдерін осы игі шараға белсенді қатысуға шақырады. Өйткені әрбір салынған екпе – қауіпті дерттің алдын алу жолындағы нақты қадам.

Ералы ҒАНИ,

«QH»