Қарағандыда ерекше ота сәтті өтті

Қарағанды қаласында алғаш рет есту қабілеті нашарлаған тұрғынға ерекше операция жасалды. №1 көпсалалы қалалық ауруханада дәрігерлер есту сүйегін протездеу отасын сәтті өткізді. Бұл – облыс тарихында оториноларингология саласындағы жаңа кезеңнің бастауы саналады.

Бұған дейін мұндай жоғары технологиялық операциялар тек елдің жетекші клиникаларында – Астана мен Алматыда ғана жасалатын. Енді қарағандылықтар осындай ем түрін өз қаласында, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін ала алады.

Ота отосклероз диагнозы қойылған науқасқа жасалды. Бұл дерт кезінде ортаңғы құлақтағы есту сүйектерінің қозғалғыштығы бұзылып, адамның есту қабілеті біртіндеп төмендейді. Ауру асқынған жағдайда мүгедектікке дейін әкелуі мүмкін.

– Бүгін біздің бөлімде ерекше операция өтуде. Бұл – облыстағы алғашқы стапедопластика. Науқас есту қабілетінің төмендеуіне шағымданып келді, тексеру барысында отосклероз анықталды. Ота кезінде үзеңгі сүйегінің қызметін титан протезі алмастырады. Бір аптадан кейін науқас бұрынғыдай ести алады деп күтеміз, – дейді №1 көпсалалы аурухананың ЛОР бөлімінің меңгерушісі Диас Есниязов.

Операция шамамен бір сағатқа созылып, науқас 4-5 күн стационарда болады. Кейін бір ай бойы дәрігерлер бақылауында болады.

Бұрын мұндай жоғары технологиялық ем алу үшін тұрғындар елордаға немесе Алматыға баруға мәжбүр еді. Ал енді мұндай медициналық көмек Қарағандының өзінде қолжетімді.

«Аурухананың жабдықталуы мен медициналық персоналдың деңгейі өте жоғары. Әкімшілік тарапынан үлкен қолдау бар екені байқалады. Бұл бөлімшенің болашағы зор», – деп атап өтті Астана қаласындағы Көпсалалы балалар ауруханасының ЛОР бөлімінің меңгерушісі Арман Әбілев.

Мамандардың айтуынша, жаңа әдіс аймақтағы тұрғындарға сапалы әрі тегін медициналық көмекті жергілікті деңгейде алуға мүмкіндік береді. Бұл – өңір медицинасының дамуындағы маңызды жетістік.

https://disk.yandex.com/d/99LI7f70299Qiw