Қарағандыда эндоскопиялық оқу орталығы ашылды

Қарағанды облысында аймақтың алғашқы эндоскопиялық оқу-референс орталығы іске қосылды. Жаңа орталық №3 көпсалалы аурухананың базасында орналасқан.

Мұндағы басты мақсат – Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің эндоскопист-дәрігерлерін оқытып, біліктілігін арттыру. Орталық заманауи Evis X1 эндоскопиялық жүйелерімен және жоғары технологиялы симуляторлармен жабдықталған. Бұл құрылғылар халықаралық стандарттарға сай тәжірибе алмасуға және озық диагностикалық әдістерді енгізуге жол ашады.

Аурухананың бас дәрігері Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, орталықтың ашылуы тек Қарағанды үшін емес, бүкіл ел медицинасы үшін маңызды қадам.

– Біз өз білімімізді әріптестерімізбен бөлісіп, сапалы диагностика жүргізетін мамандарды дайындай аламыз. Бұл өз кезегінде аймақтағы және Орталық Азиядағы медициналық көмектің сапасын арттырады, – деді ол.

Орталықта дәрігерлер колоноскопия, гастроскопия, бронхоскопия, энтероскопия, сондай-ақ эндосонография сияқты зерттеу түрлерін меңгереді. Әсіресе сапалы колоноскопияға және аденоманы ерте анықтау көрсеткішін (ADR) арттыруға ерекше мән беріледі. Бұл әдіс колоректалды қатерлі ісіктің алдын алу үшін аса маңызды.

Эндоскопиялық орталықтың меңгерушісі Индира Хамитова оқу үдерісінің теориялық сабақтар мен тәжірибелік жаттығулардан тұратынын жеткізді.

– Біз дәрігерлерді тек заманауи технологияларды қолдануға ғана емес, науқасты процедураға моральдық әрі физикалық тұрғыда дайындауға да үйретеміз. Бұл диагностика сапасын айтарлықтай жақсартады, – деді ол.

Жобаның жүзеге асуына әлемдік көшбасшы Olympus компаниясы қолдау көрсеткен. Olympus OGG өкілі Томаш Ставярский орталықтың №3 ауруханада ашылуын мамандардың кәсібилігімен түсіндірді.

Облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков те орталықтың ашылуын оң бағалады.

– Бұл жоба мамандардың біліктілігін арттыру ісінде үлкен әлеуетке ие. Скринингтердің арқасында біз онкологиялық ауруларды ерте анықтау нәтижелеріне қол жеткізіп келеміз, – деді ол.

Жаңа орталық эндоскопист-дәрігерлер үшін қолжетімді әрі аймақ медицинасына тың серпін бермек.

Фото авторы: Александр Марченко

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»