Қарағандыда еңбек адамына қолдау: жаңа жоба аулалардың ажарын ашуда

Қарағанды қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік жоба қолға алынды. «Әмбебап аула қызметкері» пилоттық бастамасы аулалардың тазалығын қамтамасыз етумен қатар, еңбек адамының қоғамдағы маңызын насихаттауды көздейді. Алғашқы кезеңде жоба 186 көпқабатты тұрғын үйдің аумағын қамтыды.

Жоба аясында әр аулаға арнайы жауапты маман бекітіледі. Олар тек аула сыпырып қана қоймай, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді, балалар ойын алаңдарын күтіп ұстайды, шағын жөндеу жұмыстарын атқарады және санитарлық жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды. Осылайша, әмбебап аула қызметкері тұрғындар үшін сенімді әрі тұрақты еңбек иесіне айналуда.

Жобаның алғашқы қатысушыларының бірі – Әлихан Бөкейхан ауданында еңбек ететін Юрий Матвеев. Ол өз жұмысына жанашырлықпен қарап, аула аумағын абаттандыру ісіне жұбайы мен балаларын да тартып жүр. Бұл мақсатта отбасы арнайы бақша техникасын сатып алып, тазалық жұмыстарын бірге атқаруда.

– Ауданның көркеюіне өз үлесімді қосқым келді. Еңбектің нәтижесі бірден көрінеді. Жылдар бойы жиналған қоқысты бірнеше жүк көлігімен шығардық. Тұрғындардың ризашылығын есту – біздің ең үлкен марапатымыз, – дейді әмбебап аула қызметкері Юрий Матвеев.

Тұрғындардың айтуынша, бұрын ұзақ уақыт қараусыз қалған аулалар бүгінде айтарлықтай өзгерген. Аумақтар тазартып, ағаштар ретке келтіріліп, тұрғындарға жайлы орта қалыптаса бастаған.

– Ауламыздың келбеті өзгерді. Барлығы таза әрі жинақы. Мұндай еңбекті бағалауымыз керек. Енді өзіміз де тазалықты сақтауға жауапкершілікпен қараймыз, – дейді қала тұрғыны Дәметкен Түстаева.

Қазіргі уақытта пилоттық жоба аясында 14 әмбебап аула қызметкері еңбек етуде. Әр маманға орта есеппен 13-14 аула бекітілген. Ай сайынғы еңбекақысы 500 мың теңгені құрайды. Іріктеу барысында үміткерлердің физикалық дайындығына, денсаулығына және жауапкершілігіне ерекше назар аударылған. Атқарылған жұмыстардың сапасын пәтер иелері бірлестіктері мен аудан әкімдігі бірлесіп бағалайды.

– Бұл жоба ең алдымен еңбек адамын қолдауға және аулалардың тазалығын тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Біз үшін жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, өз ісіне адал мамандардың еңбегі өте маңызды, – дейді Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев.

Үш айға жоспарланған пилоттық жоба сәтті нәтиже көрсеткен жағдайда кеңейтілуі мүмкін. Кейінгі кезеңде әмбебап аула қызметкерлерінің еңбекақысын тұрғындардың қатысуымен қаржыландыру ұсынылып отыр. Алдын ала есеп бойынша әр пәтерден ай сайын шамамен 500 теңге жиналмақ.

Бұл бастама аулалардың тазалығын тұрақты сақтауға ғана емес, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыруға, еңбек адамын құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың ортақ мүлікке деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Ең бастысы – қаланың көркеюі күн сайын өз ісіне адал еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»