Қарағандыда биыл 1500 үй газбен жылытуға қосылады
Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев қалалық қоғамдық көлікті неге әлеуметтік институтқа теңестіреді? Қарағанды қаласындағы қай ауданның тұрғындары биыл газбен жылытуға қосылады? №3 автопарктің Қазақстанда баламасы жоқ па? «SmartCard» орнатқаннан әкімдікке қандай пайда бар? Жаңа ЖЭС салмаса Қарағандыда құрылыс тоқтай ма? Осы және басқа да сұрақтарға шаһар басшысы жауап берді.
— Ермағамбет Қабдуллаұлы Қарағанды автопарктеріне биыл 3 млрдқа жуық субсидия берілді. Бұл жүз отбасыға баспана салуға болатын қаражат. Ауқымды қаражат бөлінсе де қызмет сапасына шағымдану толастар емес. 3 млрд теңге бөлудегі мақсат қандай?
— Қалалық қоғамдық көлік-қазіргі қоғамның маңызды әлеуметтік институттарының бірі, қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымының ажырамас элементі. Бұл әлемдік практика. Бұл көлік халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарын, соның ішінде табысы төмен топтарды тасымалдауға, қалалардың аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге арналған. Өз кезегінде, қалалардың дамуы, халық санының өсуі көлік коммуникациясына жаппай қажеттілік тудырады. Биыл Қарағанды қаласында автопарктерге берілген субсидия 3 миллиард теңгені құрайды. Біз ол қаржыны бір шартпен беріп отырмыз. Автопарктер маршруттағы көліктерді жаңарту керек. Жыл басында «Таксокомбинат» ЖШС 4 автобус сатып алды, оларды № 30 және 01 бағдарларға іске қосты. Жақын арада автопарк тағы 20 автобус сатып алады. Рейске сәуір айының соңына дейін 16 бірлік техника шығады. Осылайша, жақын уақытта автопарк 40 жаңа автобуспен толығады. Сіз №3 автопаркке барып қайтыңыз. Мұндай жұмысы жүйелі жолға қойылған автопарк Қазақстанның басқа қалаларында, тіпті елордада да жоқ. №3 автопарк мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Онда жөндеу, бақылау, реттеуден бастап барлық механизм ретімен жолға қойылған.
— Қалаішілік автобустарға электронды төлем жүйесін енгіземіз дегелі бес жыл өтті, әлі нақты нәтиже жоқ. Бюджет қаржысы қайда кетіп жатыр?
— «SmartCard» жобасын енгізуге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Ол автопарктермен корейлік компания арасындағы әріптестік. Дегенмен қала әкімдігі жол ақысын электронды төлем жүйесіне көшкенін қолдайды. Біз қаладағы жолаушылар тасымалы үшін қаржы айналымы ашық болғанын қалаймыз. Бұған автопарктер де мүдделі. Олар да күнделікті жолаушы саны мен түсетін қаржының нақты есебін білгісі келеді. Электронды төлем осы мәселелерді бірден шешер еді. Осы мақсатқа корейлік компанияны тартты. Олар автобустарға валидаторлар орнатты. Бірақ валидаторлардан бөлек талап бойынша диспетчерлік пунктер де салынуы керек. Бақылаушылар қадағалауы тиіс. Көлік карталарын лезде онлайн толтыру ісінде де кемшіліктер болды. Сол себепті Қарағанды автопарктері «SmartCard» компаниясымен келісімшарты бұзды. Қазақстанның басқа қалаларында көлік карталарын толтыру дереу іске асады. Ал бізде жолаушылар Kaspi.kz арқылы аударған ақша тек бір күннен кейін ғана түсетін болды. Бұл жолаушылар үшін қолайлы емес. Осыған орай, электронды төлем жүйесін жалғастыру үшін басқа компаниялар іздестіріп жатыр. Алматы мен Шымкентте осы жобаға маманданған компаниялар бар болып шықты. Алматылықтар қызмет көрсеткені үшін айналымға түскен табыстың 12 пайызын ұстап қалуды көздейді. Әрі диспетчерлік пунктерді біздің тарап ашқанын қалап отыр. Ал шымкенттіктер айналымдағы қаржының он пайызын алуды көздейді. Бірақ диспетчерлік пунктерді салып берсек қызметкерлер сіздің тараптан болсын деген шарт қойып отыр. Келісім жүріп жатыр. Жыл соңына дейін мәселе шешімін табады. Ал қала тұрғындары сатып алған көлік карталары жарамды болады. Электронды төлем жүйесін енгізуді жалғастыратын жаңа компания барлық шығындарды өз мойнына алады. Жолаушылар ешқандай қолайсыздықты сезінбейді. Әзірге Қарағандыда 10 мыңға жуық көлік картасы сатылды. Жарты миллиондық қала үшін бұл өте аз.
— Биыл 2 млн 700 мың қазақстандық көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. «Сарыарқа» магистральді газ құбырына қанша қарағандылық үй қосылады?
— Қарағанды қаласында табиғи газға қосылатын алғашқы 1500 үй нақтыланды. Газға қосылу, не қосылмауды тұрғындардың өздері шешеді. Көше бойымен өткен құбырдан газды үйге дейін жеткізуге кететін шығынды тұрғын үйлердің иесі өзі төлейді. Газ тарифінің құнын «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы бекітетін болады. 2021-2022 жылдары газ Федоровка мен Үлкен Михайловка шағын аудандарындағы тұрғын үйлерге жетеді. Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының жеке секторындағы үйлерге, Күнгей ықшам ауданына газ 2022-2023 жылдары жетеді деп күтілуде. Екінші кезеңде төрт іске қосу кешенін салу жоспарланған. Бұл Жаңа Узенка, ЖБИ, Финский, Пришахтинск, Ескі Тихоновка шағын аудандарын газбен қамтуға мүмкіндік бермек. 2024-2025 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде екі іске қосу кешені салынады. Оның алғашқысы Курьяновский ауылын және Майқұдықтың 19-ықшам ауданын қамтыса, екіншісі Майқұдықтың Берлин, Сахалин, Шахтерлер ықшам аудандарына газ жеткізеді. Төртінші, яғни соңғы кезеңде Цемзавод, Сұрыптау елдімекендеріне газ жететін болады. Газға қосылғаннан кейін көмір сатып алуға шығын кетпейді. Қысы-жазы үйде ыстық су болады. Үй температурасын реттеп отыруға мүмкіндік бар. Бұрынғыдай пеш жағу үшін үнемі үйде болудың қажеттілігі жойылады.
— Жыл басында пәтерлердегі температура күрт түсіп кетті. Қыс маусымына дайындық толыққанды жүргізілмеген бе?
— Қазіргі уақытта қалаға температурасы 112 градустан асатын станциядан жылу энергиясын беру техникалық жағынан мүмкін емес. Себебі Қарағандыда құрылыс қарқынды жүруде. «ЖЭО-3» жылу энергиясына қосылған жаңа объектілер қысымды түсіріп жіберді. ЖЭО-3-ке қосымша үшінші жылу құбырын салсақ қана жылумен жабдықтау тапшылығы шешіледі. Бізге жаңа жылу магистралі қажет. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылды. Биыл Қарағандыда «ЖЭО-3» үшінші жылу құбырының құрылысы басталады. Оның ұзындығы 22 шақырымға созылады. Осы жылу магистральның арқасында Қарағандының жаңа орталығындағы үйлер мен әлеуметтік нысандар жылумен толыққанды қамтамасыз етіледі. Бұл өте үлкен жоба. Қарағанды миллион тұрғыны бар қала болуы үшін құрылысты тоқтапау керек, ол үшін қосымша жылу құбыры өте қажет.
— Сіз қаланың шаруашылық мәселелерінен жақсы хабардарсыз. Ауа райы қолайсыз болғанда аттан түспей, халыққа жағдайды дереу әлеуметтік желілерде өзіңіз баяндап жатасыз. Әлеуметке тікелей хабар тарататын әлеуметтік желі тұрғанда бұқаралық ақпарат құралдары керек деп ойлайсыз ба?
— Бұқаралық ақпарат құралдары — сенімді ақпарат көзі. Олар болған оқиғаның шығу себептерін талдап жазады. Халықтың мұң-мұқтажын жеткізеді. Сол себепті бұқаралық ақпарат құралдары қажет. Қарағандыда қазақ тілді газетті ашу толғағы жеткен мәселе. Газеттеріңіз Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті секілді Алаштың үнжариясы болуына тілектеспін!