Қарағандыда бүкіл отбасымен індет жұқтырғандар көбейген

Қарағанды облысының госпитальдарында 2 290 адам коронавирустық инфекциядан ем алуда. Жан сақтау бөлімінде 89 адам жатыр. Ауруханаға жатқызылғандардың 99%-ы вакцина алмаған. Көбінесе ауруханаларға бүкіл отбасыларымен түседі.

– Отбасымызбен бірге вакцинациялауға үлгермедік. Ауруханаға анамызбен бірге түстік. Оның қант диабеті бар. Ауру өте қауіпті және сізді не күтіп тұрғанын білмейсіз. Медицина қызметкерлеріне кәсібилігі үшін рахмет. Емделіп, қалпымызға келген соң міндетті түрде егілетін боламыз, – деді қарағандылық науқастардың бірі.

Ковидтік ауруханаларда дәрігерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Үнемі аралау, емдеу, сатурацияны тексеру қажет. Науқастарға тыныс алу жаттығуларын жасауға, көп сұйықтық ішуге және етбетімен жатуға кеңес беріледі.

«Қызыл» аймақта дәрігерлер қарағандылықтардан бір ғана нәрсе – екпе жасауды сұрайды. Вакцинацияланған адам коронавирустық инфекцияны жұқтырса да, ауру әлдеқайда жеңіл болады.

Қарағанды облысында 19 шілдедегі жағдай бойынша вакцинаның бірінші компонентін 351 018 адам, екіншісін – 197 253 адам алды.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі