Қарағандыда «Қарашада өмір тұр» поэзия кеші өтті

Қарағанды қашан да әдеби ортасымен,  талантты да талапты ақын-жазушыларымен мақтана алады. Арқа топырағында қалыптасып, атағы шыққан қаламгерлер есімі бүгінде республикалық деңгейде аталып, еліміздің бетке ұстарына айналып үлгергені тағы бар. Алдыңғы толқын өздерінен кейінгі буынға ағалық ақылдарын айтып, жалындап шыққан жастар жұлдызының жарқырауына ықпал етіп, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсеткенді. Әйтсе де, әлемдік пандемия дәстүрлі әдеби кештердің аяғына тұсау салып, тоқырап қалуына да әсер етпей қоймады. Жұрт мұндай кештерді сағынып-ақ қалған екен. Мұны Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өткен «Қарашада өмір тұр» поэзия кешінен аңғардық.

Иә, биыл Қарағанды үшін позия жылы болды десек, асылық айтқанымыз емес. Жыл бойы қалалық әкімдіктің қолдауымен, Жазушылар одағының облыстық филиалының ұйымдастырумен түрлі қызықты жобалар қолға алынды. Саябақтағы жыр кештері мен сауда үйлеріндегі Лирикалық сағаттар соның бір мысалы дер едік. Ал, осы шаралардың түйіні – Арқа ақындарының басын қосқан поэзия кеші болды.

  • Қадірлі жыр сүйер қауым, өздеріңізбен осындай керемет кеште жүздесіп отырғанымызға ерекше қуаныштымын. Бүгінгі жаңалық, ертең тарих болып қалатын уақыт дөңгелегі зыр айналған бүгінгі заманда адам жанын әлдилейтін, тек, поэзия деп білемін. Ғарыш, жоғары технология дәуірінде өрелі ойға шақырып, өрнекі сөзбен түзелер поэзияның атқарар міндеті де зор. Қай кезде де ақындар шындық жаршысы, уақыт үні мен дәуір тынысының жаршысы бола білген. Данышпан Абай жырлары, кешегі өткен дауылпаз ақын Қасым мен мұзбалақ Мұқағали өлеңдерін қаншама ұрпақтың бойтұмары болып келеді. Аймақ қаламгерлері мен өнерпаздары қатысумен ұйымдастырылған осынау кеш құтты болсын, — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов өз құттықтау сөзінде.

Майқұдықта өткен салтанатты шараға Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанов, Серік Сағынтай, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар және Жанат Жаңқашұлы бастаған қарағандылық қаламгерлер қатысып, көпшілікке жырдан шашу шашты. Кеш барысында кеншілер қаласының тұрғындары Элмира Сайлауқысы, Жәлел Қуандықұлы, Әділет Шопен, Ерік Нарын сынды жас шайырлардың жырларымен сусындап, Сейіл Аяған бастаған әншілердің әуелете салған әндерін тыңдады. Қарағанды жұрты сағына күткен кешке Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, белгілі ақын Ақберен Елгезек арнайы келіп, Арқа жұртына ізгі лебізін жеткізіп, рухты өлеңін оқыды. Сондай-ақ, әдебиетті насихаттаудың маңызына тоқталып өтті.

  • Қарағандының әдеби ортасынан бүкіл Қазақстан қорқады. Бұл жерде керемет әдеби орта, мықты ақын-жазушылар бар. Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанов бастаған ағалар қалыптастырған мықты мектеп бар. Сондықтан бүкіл қазақ Қарағандыға қарап отыр. Енді Қарағандының жергілікті билігі осы мектепке қамқорлық көрсетіп, қарап отыруы керек. Қарап отыр да. Үлкен ризашылығымызды білдіреміз, — деді Ақберен Елгезек.

Жыр кешінің басты жаңалығы – қарағандылық қаламгерлердің Жазушылар одағына мүшелікке өтуі болды. Нұрлан Әбілдин, Валерий Ковалев, Нұрдос Кәрім, Ерқанат Кеңесбек, Мақсат Күземхан, Жәлел Қуандықұлы, Әділет Шопен және Ерік Нарынға Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек табыстады.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»