Қарағандыда «Алпамыс батыр» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында батырлар жырынан мәнерлеп үзінді оқудан өткен «Алпамыс батыр» қалалық байқау жеңімпаздары анықталды. Шығармашылық жарыс екі турдан тұрды. Біріншісіне 26 оқушы қатысып, олар эпос мазмұнына қатысты тест тапсырды. Тест қорытындысына орай екінші турға 17 сайыскер өтті. Онда балалар жырдан жаттаған үзінділерін қазылар алқасының алдында жатқа оқыды.

Байқау нәтижесінде бірінші орынды Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 7 «А» сынып оқушысы Санжар Ыдырысов иеленді.

– «Алпамыс батыр» эпосының бірінші басылымына 125 жыл толуына орай жырды мәнерлеп оқудан өткен қалалық байқауға қатысуыма тәрбиешім Алма Қабышқызы Байғұнысова және интернат меңгерушісі Алтыншаш Сағынтайқызы Нәсібалаева ұсыныс жасап, мені дайындады. Маған «Алпамыс батыр» жырының терең тарихи мазмұны, көркемдігі мен ерлігі әсер етті және патриоттық сезімімді оятты. 200 жолын бір ай көлемінде жаттадым, өлең жолдары қиындық тудырмады, бірақ түсінбеген күрделі сөздерді жиі кездестірдім. Мен осындай жыр байқауына бірінші рет қатыстым, бірақ сүйікті ақыным Абай атамыздың да өлеңдерін кішкентайымнан жатқа оқимын, – деп бөлісті Санжар.

Екінші орынды №12 жалпы орта білім беретін мектептің 9 «Ә» сынып оқушысы Наргиза Рахман иеленді.

– Бұл байқауға мен бір ай көлемінде дайындалдым. Біріншіден, мен шығарманың мазмұнымен толық танысып алдым, сосын шамамен 2-3 апта көлемінде 200 жолды толықтай жаттадым. Бұл сайысқа жеке қызығушылығыммен қатыстым. Батырлар жыры туралы білу, олардың мазмұнымен танысу маған қызық көрінді. Жалпы, осы сайыстың бірінші турында бізге тест тапсырмаларын берді. Тестіде 32 сұрақ келді, мен барлық 32 сұраққа да дұрыс жауап бердім. Бұл жалпы қатысқан оқушылардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш болды. Екінші турда жатталған үзіндіні мәнерлеп оқу керек болды. Мен мұндай байқауға алғаш рет қатыстым, сондықтан толқу болды. Қойылған сұрақтарға да толығымен жауап бердім. Талпынысымды байқаған әділқазылар алқасы маған 2-орын берді. Байқауға мені №12 ЖББМ-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Елеусізова Аққу Қанатқызы дайындады. Мұғалімімнің мені дайындап көмек беруінің арқасында осы жетістікке жетіп отырмын. Сондықтан мұғаліміме мың алғыс білдіремін. Жалпы айтқанда, бұл сайыс ерекше ұнады, өте жақсы әсер алдым. Болашақта, мүмкіндік болса, осындай сайыстарға жиірек қатысуға тырысамын, – деді Наргиза.

Үшінші орынды Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 7 «А» сынып оқушысы Нығмет Сиязбек және №12 жалпы орта білім беретін мектептің 9 «Ә» сынып оқушысы Айсұлу Жагслагқызы иеленді.

Сонымен қатар келесі номинациялардың да жеңімпаздары марапатталды:

«Орындаушының шынайылығы» – Дана Хатамова, «Таңшолпан» балаларды қолдау орталығының 7 «А» сынып оқушысы;

«Жыр жүйрігі» – Ақжолтай Қайрат, №66 мектеп-лицейдің 2 «А» сынып оқушысы;

«Жыршылық өнер» – Аружан Мұратхан, Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 8 «А» сынып оқушысы;

«Алпамыс батыр» жыр білгірі» – Нұрслан Жаманбалин, «Таңшолпан» балаларды қолдау орталығының 8 «А» сынып оқушысы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлық, ал барлық қатысушыға сертификат табысталды.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»