ҚАРАҒАНДЫДА 33,8 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Жол жағдайы – ерте заманнан маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мәселенің бірі. «Жол қадірін жүрген біледі» деген мақал да оның машақатын түсінгендер тарапынан айтылса керек. Ал мұндай олқылықты болдырмау – бүгінгі заманның талабы. Газетіміздің осы санында «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашлығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы — Әлібек Дүйсембеков мырзамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Әлібек Серікұлы, Қарағанды қаласындағы күрмеуі қиын мәселенің бірі – жол сапасы. Алайда, соңғы бір жылдың ішінде айтарлықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала тұрғындарының шағымы сейіле бастады. Жалпы, атқарған қызметтеріңіз бен жүзеге асқан жоспарларыңыз туралы бөлісе кетсеңіз.

— Әрине, біз әр жыл сайын Қарағанды қаласының көше-жол желісін дамыту және жөндеу жөніндегі жоспарлар құрамыз. Биыл — барлығы 33,8 шақырым жолды қамту жоспарланып отыр, оған 10 млрд теңге көлеміндегі қаражат қарастырылған.

Жоспар кезінде жол құрылысын күрделі және орташа жөндеу жұмыстары деп бөліп қарастырамыз. Ең әуелі, жол құрылысы жұмыстарына тоқталайын.

Жол құрылысындағы маңызды жобалардың бірі — «Волочаевская көшесіндегі автомобиль жолының құрылысы». Ұзындығы — 1,7 км. Бүгінде жұмыстар толық көлемде аяқталды. Автомобиль жолын салу жобасы аясында жаяу жүргіншілер жолын, велосипед жолын салу, нөсер кәрізін жайластыру жұмыстары жүргізілді.

Екіншісі — 14 шағын ауданы автостанциясынан «Шығыс айналма жолы» автомобиль жолына дейінгі жол құрылысы. Ол әлі жалғасуда. Жолдың ұзындығы — 5 шақырым. Бүгінгі күні асфальтбетон салу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жол Солтүстік өнеркәсіп аймағының кәсіпорындары үшін кірме жолдар ретінде қызмет ететін болады.

— Өте жақсы! Ал жол құрылысы барысында негізі қаланатын қандай жаңа нысандар бар?

— Жаңа нысан «Сұрыптау секторының айналма жолының құрылысы». Ұзындығы — 6 км. Жүріс бөлігінің ені — 7 м. Жоба шеңберінде 2 қозғалыс жолағы көзделген, 5 су өткізу құбырын, 56 жарықтандыру тірегін жайластыру жоспарлануда. Сондайақ, 5 электр беру желісін қайта құру қажет. Бүгінгі күні жолдың құмды өсімдік қабатын алу және негізін төсеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

— Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл қаладағы бірнеше көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе, халық көп шағымданатын Майқұдықтың жолдары жаңарып, ел қалауы ескеріліп жатқаны қуантады. Енді, қаладағы күрделі жол жөндеу жұмыстарына нақтырақ тоқталып кетсеңіз

— Иә, дұрыс айтасыз. Жол жұмыстары – басты назарымызда. Ең бірінші, «К.Маркс — Магнитогорская көшесін күрделі жөндеу» өтпелі жобасына тоқталғым келеді. Оның жалпы ұзындығы — 10,8 км. 2020 жылы 5 км жол жөнделді, ағымдағы жылы Виницкая көшесінен Көгілдір тоғандар, яғни Сырдария СҮ шағын ауданына дейін 3,7 км жолды жөндеу жоспарланған.

К.Маркс-Магнитогорская көшесі бойындағы автомобиль жолында Винницкая көшесінен Восток-5 шағын ауданына дейінгі жол учаскесінде жұмыстар жүргізілуде, бүгінгі күні Винницкая көшесінен Восток-1 шағын ауданына дейінгі учаскеде негізгі қабат ауыстырылды, нөсер кәрізі жайластырылды, 2 асфальт қабаты төселді, қалған учаскеде топырақты тұрақтандыру, негізін салу және нөсер кәрізін төсеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінен Виницкая көшесіне дейін жол жиектерін және жаяу жүргінші жолын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ал, Сантехникая көшесінен «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйіне дейін қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетонның жоғарғы қабатын төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, «7-магистралды күрделі жөндеу» жобасын іске асыру жалғасуда. Жалпы ұзындығы — 8,8 км. Бүгінгі күні Бұқар Жырау даңғылынан Терешкова көшесіне дейінгі жолдың жүру бөлігінің жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Пригородная көшесінен Стартовый көшесіне дейін жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жылу магистралін қайта жаңарту, жол өткелінде тегістеу қабатын ауыстыру және Стартовый көшесінен Гудермесская көшесіне дейінгі учаскедегі жол негізін ауыстыру да қарастырылған.

— Жарайсыздар! Бұдан бөлек, тағы қандай жолдар жөндеуден өтіп жатыр?

— Қаламызда жалпы ұзындығы 20,6 шақырым болатын автомобиль жолдарының 14 учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 учаскеде жұмыстар толық көлемде аяқталды. Ал қалған 4 учаскеде жұмыстарды ағымдағы айдың соңына дейін аяқтау жоспарлап отырмыз.

 — Жөндеу жұмыстары туралы жоспар құрған кезде нені басты назарға аласыздар? Себебі жолдың сапасын дұрыстауды талап ететін тұрғындар саны өте көп. Ал барлығын бірдей жөндеу мүмкін емес екендігі айдан анық. Жалпы, халықтың тілегі қаншалықты ескеріледі?

— Иә, жол жөндеу жұмыстарын жоспарлау жоғарыда атап өткенімдей, үш түрге бөлінеді. Жол құрылысы, күрделі жөндеу — арнайы жоспар бойынша жасалады. Ал, орташа жөндеуге көшелердің тізімін қалыптастыру кезінде тұрғындардың өтініштері мен депутаттық сауалдар ескерілді. Сонымен қатар, көлік құралдарының неғұрлым тығыз ағыны бар автомобиль жолдары, қоғамдық көлік қозғалысы жүзеге асырылатын жолдар, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының орналасуы ескерілді.

Біз әрқашан халықтың мүддесі үшін қызмет етуге тырысамыз. Сондықтан, тұрғындардың қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп отырады.

Аружан АЛПЫСБАЙ