Қарағанды жасыл желекке бөленуде

Қарағанды өңірінде көктемгі ағаш егу науқаны басталды. Демалыс күндері облыс орталығы мен аудандарда жаппай көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, оған еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер мен белсенді жастар атсалысты.

Экологиялық сенбілікке облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бастау берді. Ауа райының қолайлылығы мен топырақтың жеткілікті ылғалдылығы көшет отырғызуға оң әсер етті. Назарбаев даңғылындағы гүлзарда өткен жылдан басталған жұмыстар биыл да жалғасын тапты.

Мамандардың айтуынша, заманауи технологияларды қолдану көшеттердің жерсіну деңгейін айтарлықтай арттырған. Әсіресе, жабық тамыр жүйесімен өсірілген «Қарағанды қарағайының» өміршеңдігі 95 пайызға дейін жетеді.

«Байқасаңыздар, көшеттер металл себетпен бірге отырғызылады, оны шешудің қажеті жоқ. Бұл олардың тамыр жүйесін қорғап, жақсы өсуіне мүмкіндік береді», – дейді табиғат жанашыры Сәкен Келдібаев.

Сондай-ақ, мамандар Назарбаев даңғылындағы ескі жапырақты ағаштарды кезең-кезеңімен қылқан жапырақты түрлерге алмастыру жоспарланып отырғанын айтады. Биыл бұл аумақта қосымша 60 түп көшет егілді.

Жалпы, Қарағанды қаласында биыл 25 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделген. Саябақтар мен гүлзарларда 12 700 ағаш пен 7 мыңға жуық бұта егілмек.

Көгалдандыру жұмыстары барысында зиянкестермен күрес те назардан тыс қалмаған. Өткен жылы ағаштарға зиян келтірген жәндіктерге қарсы биыл алдын алу шаралары қолға алынуда.

«Дернәсілдер көбіне топырақ астында тіршілік етеді. Сондықтан біз тексеру жүргізіп, көктемгі кезеңде алдын алу өңдеу жұмыстарын бастаймыз», – дейді агроном Денис Сирман.

Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс орталығында бір күнде 400 ағаш егілді. Көгалдандыру науқаны өңірдің барлық қала, ауданында жалғасып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталуда.

Ералы ҒАНИ,

«QH»