Қарағанды қысқа дайын
Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Өңірдегі жылу көздері мен желілерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қысқы кезеңде тұрғындарды жылумен тұрақты қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
Болжам бойынша, облыста жылыту маусымы 1-15 қазан аралығында басталады. Нақты мерзім әр қала мен аудандағы ауа райы жағдайына байланысты белгіленеді.
Өңірдің күзгі-қысқы кезеңге дайындығы аппараттық кеңесте қаралды. Қазір облыстағы жеті жылу-электр орталығында 24 қазандық пен 17 турбина жөндеуден өтті. Тағы 10 қазандық пен бес турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар отын қорын қалыптастыруға, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандардың дайындығын тексеруге ерекше көңіл бөлініп отыр.
– Облыс нысандарын жылу беру маусымына дайындау жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Қазір негізгі міндет – қалған жұмыстарды аяқтап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.
Қарағандыда 20 шақырымға жуық желі жөнделді
Қарағанды қаласында қысқа дайындықтың негізгі бағыттарының бірі – жылу желілерін жөндеу және жаңарту. Қазір қалада шамамен 20 шақырым жылу желісі жөнделді. Бұл жұмыстар жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, қысқы кезеңде болуы мүмкін ақаулардың алдын алуға бағытталған.
Соның ішінде Металлургтер даңғылы бойындағы 2-шағын ауданға қарай өтетін жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл учаскенің жаңартылуы қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін маңызды.
Сонымен қатар ЖЭО-2-ден шығатын жылу желісін жаңарту бойынша ірі жоба басталды. Жобаны жоспарға сәйкес 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр. Осыған байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары қыс мезгілінде де тоқтатылмайды.
Жалпы, 2026 жылы бюджет қаражаты есебінен ұзындығы 12,3 шақырым жылу желісін қамтитын сегіз жобаны іске асыру жоспарланған. Оның төртеуі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта негізгі монтаждау жұмыстары аяқталып, аумақтарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Теміртау да бақылауда
Жылу беру маусымына дайындық барысында Теміртау қаласындағы жұмыстар да назарда. Мұнда 20 шақырымға жуық жылу желісі жөнделді. Металлургтер даңғылындағы 2-шағын аудан бойындағы жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары аяқталып келеді.
Ал ЖЭО-2-ден шығатын жылу желісін жаңарту бойынша басталған ірі жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Нысанның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі үшін құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасады.
Тұтастай алғанда, облыстағы жылу көздерінің дайындығымен қатар, отын мәселесіне де көңіл бөлінуде. Күзгі-қысқы кезеңге облыс бойынша 7,3 млн тоннадан астам көмір қажет. Энергетикалық станциялар отын жеткізуге қажетті келісімшарттарды жасап қойған. Сонымен бірге жергілікті жылу көздері, бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмір қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
Мерзім – басты талап
Аппараттық кеңес барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалғанын атап өтіп, жоспарланған жұмыстардың барлығын уақытылы аяқтауды тапсырды.
– Жылумен жабдықтау мәселелері ерекше бақылауда. Әрқайсыңыз жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына тікелей жауаптысыздар. Белгіленген мерзімдерді бұзуға және мәселелерді шешуге формалды көзқарас танытуға жол берілмейді, – деді өңір басшысы.
Бұл мәселе Үкімет деңгейінде де көтерілген болатын. Тамыз айының соңында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар өңірде жылыту маусымына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтамау қаупі сақталып отырғанын атап өтті. Солардың қатарында Теміртау да аталды.
Үкімет басшысы жылу нысандарындағы жөндеу жұмыстарын кешіктірген немесе олардың созылуына жол берген жауапты басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды. Осыған байланысты өңірлерде қалған жұмыстарды белгіленген кестеден кешіктірмей аяқтау міндеті қойылып отыр.
Қазір Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындықтың негізгі бөлігі орындалды. Алдағы кезеңде басты назар қалған жөндеу жұмыстарын аяқтауға, жылу желілерінің сенімділігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік нысандардың толық дайындығын пысықтауға бағытталмақ. Бұл жұмыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы тұрғындардың қысқы кезеңді тұрақты жылумен өткізуі үшін маңызды.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

