Қарағанды техникалық университетінде абитуриенттер форумы өтті
Кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізу аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде қала мектептеріндегі жоғары сынып оқушылары үшін Ашық есік күні өтті. Шараға Қарағанды қаласындағы барлық мектептің оқушылары қатысып, университет басшылығымен кездесті және оқу ордасына экскурсия жасап, білім беру үдерісімен танысты.
– Университетіміз 2023 жылы мектеп бітіретін түлектер үшін «Абитуриенттер форумын» өткізіп жатыр деп айтуға болады. Қолдағы деректерге сенсек, 2023 жылы тек Қарағанды қаласы бойынша ғана екі мыңнан астам оқушы мектеп бітіріп шығады екен. Біз осы жолы тек кеншілер қаласындағы мектеп оқушыларын ғана шақырдық. Оның өзінде бұл жиынға келешегін бізбен байланыстыратын, өзін осы университеттің студенті ретінде көретін жастарды шақырып отырмыз. Сол арқылы сапаға да мойын бұрған жайымыз бар. Алдағы уақытта облысымызға қарасты аудан-қалалардың мектеп түлектері үшін де осындай жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан соң тұңғыш рет ата-аналар форумын ұйымдастырамыз. Кейін колледж түлектері үшін де жиын өткізбекбіз, – дейді Қарағанды техникалық университетінің атқарушы директоры Аристотель Исағұлов.
Жиын барысында оқушыларға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіндегі білім беру бағдарламалары туралы толыққанды ақпараттар ұсынылды. Алғаш болып сөз алған Аристотель Исағұлов университет мақтанышына айналған түлектер туралы да баяндап өтті. Олардың қатарында бүгінде биік лауазымды қызметте отырған азаматтар мен спорт саласында айтулы жетістікке жеткен тұлғалар да бар.
Ресми жиынға университет оқытушыларынан бөлек бұрын осы жерде тәлім алған, бүгінде ірі өндіріс ошақтарында жұмыс істеп жүрген азаматтар да қатысты. Олар тәжірибелерімен бөлісіп, адал еңбек пен білімнің арқасында биік шыңдарды бағындыруға болатынын айтты. Жиын университет студенттері әзірлеген концерттік бағдарламаға жалғасып, кейін оқу ордасына оқушылардың экскурсиясымен түйінделді.