Қарағанды төрінде – қара өлең

Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің төрінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Поэзия, менімен егіз бе едің?» әдеби-сазды кеші өтті. Қалың көпшілікке жырдан шашу шашып, рухани демалыс сыйлаған игі шараны Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырған. Әдеби-сазды кеште Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, Арқа ақындарының өлеңдері оқылды.

Кеш барысында жас өнерпаздар Мұқағали Мақатаевтың образын сомдап өлең оқыды. Сондай-ақ ақынның өлең оқыған сәті бейнелеген таспа үлкен экраннан жұрт назарына ұсынылды. Ал Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Саят Әбдіғали, Саян Бөдес сынды Арқаның күміс көмей әншілері ақын өлеңдеріне жазылған әндерді нақышына келтіре шырқап көрерменді бір серпілтіп тастағаны тағы бар. Келесі кезекте Серік Ақсұңқарұлы бастаған ақындар өлең оқып, әдемі естеліктерін айтып кеш шырайын аша түсті.

Қарағанды төрінде қара өлеңнің салтанат құруы бір бұл емес. Былтыр қалалық әкімдіктің қолдауымен бірнеше ауқымды шара атқарылған еді. Бұл кеш те сол игі істердің жалғасып жатқанын аңғартса керек.

– Бұған дейін қалалық әкімдікпен бірлесіп «Қарашада өмір тұр» атты ауқымды поэзия кешін өткіздік. Бұл шара – соның жалғасы. Осы кешке алдыңғы жолы қатыспаған ақындарды тартуға тырыстық. Алдағы уақытта да Арқа төсінде, Қарағанды төрінде мұндай кештер жиі өтетін болады. Қолдаушыларға алғыс, ақындарға шабыт тілеймін, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы.

Сахнаға алдымен аға буын ақындары Серік Сағынтай, Тілеген Әділов, Қайрат Асқар, Сұлтан Дәулетхандар көтеріліп, өлең оқыды. Олардан кейінгі кезек Ерқанат Кеңесбекұлы, Қуаныш Медеубаев, Таңсәуле Әгенқызы, Жәлел Шалқар, Еркебұлан Елеусізұлы, Әділет Шөпен, Ерік Нарын, Салтанат Қайырбек, Кәмшат Хасен сынды дарындарға берілді.

Өлең кешінен қалың көрермен де қалыс қалмады. Мұқағали Мақатаев жырынан оқылған үзіндіні мүдірмей іліп әкетіп жатқа оқып берген тыңдарманға Серік Ақсұңқарұлының жыр жинағы табысталды. Ал кеш соңында Мұқағали өлеңіне жазылған әндерді қосыла шырқаған қалың көпшілік қимастықпен тарқасты.

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»