Қарағанды салауатты болашақ үшін: есірткіге қарсы айлық басталды
Қарағандыда жыл сайын 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық есірткіге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған ауқымды есірткіге қарсы айлық басталды. Шараның мақсаты — салауатты өмір салты, спорттық белсенділік пен берік өмірлік ұстаным зиянды әдеттерге ең жақсы балама екенін нақты көрсету.

Осы маңызды бастаманың басталуын білдіретін акцияның алғашқы күнінде Орталық мәдениет және демалыс саябағының алаңына көптеген жанашыр азаматтар жиналды. Еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары есірткіге қарсы өз ұстанымдарын білдіру үшін бір арнаға тоғысты.
-Ел болашағы – жастардың қолында. Біздің жастарымыз денсаулықты, дамуды, спортты және дұрыс құндылықтарды таңдайтынына сенімдіміз, — деп атап өтті өз сөзінде Қарағанды облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қайыржан Тоқубаев. Оның сөздері өскелең ұрпақты есірткіге қарсы насихатқа тартудың маңыздылығын айқындай түседі.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атынан облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері Гүлнұр Көкиева мен Баян Мәмитоваға Құрмет грамоталары табыс етілді. Марапаттар олардың есірткіге қарсы насихат саласындағы белсенді ұстанымдары мен жастармен атқарған жанқиярлық жұмыстары үшін берілді.
Айта кету керек, ағымдағы жылы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністері ауқымды жұмыс атқарды. 2 есірткі және 2 фитолаборатория анықталып, аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтаудың 5 дерегі, улы заттардың заңсыз айналымының 5 дерегі жолы кесілді және есірткі өткізудің 37 жағдайы тіркелді. Заңсыз айналымнан 302 кг есірткі және 4 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Жүргізілген операциялар нәтижесінде есірткі таратуға қатысы бар 35 адам ұсталды, олардың арасында 2 әйел және 2 кәмелетке толмағандар бар, бұл мәселенің ауқымын және полицияның жедел әрекет етуін айғақтайды.
Қарағанды облысы ПД Баспасөз қызметі
