Қарағанды облысының мектептерінде цифрлық сауаттылық апталығы өтуде
Қарағанды облысының мектептерінде 9 ақпанда компьютерлік және цифрлық сауаттылық апталығы басталды. Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының хабарлауынша, оқушылар үшін ауқымды бағдарлама әзірленген: код жазу мен жасанды интеллектпен жұмыс істеуден бастап, роботтар жарысы мен тақырыптық фестивальдерге дейін.
Апталықтың ашылуы QR-кодтарды қолданған Digital Check-in форматында өтті. Бағдарламада «ақылды үзіліс» және киберқауіпсіздікке арналған интерактивті шаралар ұйымдастырылды.
Апта бойы оқушыларды цифрлық дизайн бойынша байқаулар, жасанды интеллект зертханалары, инфографикаға арналған интенсивтер және «Цифрлық блогер» фестивалі күтіп тұр.
Жеке бір күн инновациялар мен робототехникаға арналады. Бұл күні «Роботтар шеруі» көрмесі, виртуалды экскурсиялар және ғылыми баттлдар өтеді.
Бағдарлама digital-фестиваль және «QR-аңшылық» квестімен қорытындыланады.
Шаралар тек оқушыларға ғана емес, педагогтерге де арналған. Мұғалімдер үшін «Мектептегі ЖИ» алаңы ұйымдастырылып, онда олар тәжірибе алмасып, білім беру үдерісінде жаңа технологияларды қолдану мәселелерін талқылайды.
Қарағанды облысы әкімдігі сайтының ақпараты негізінде

