Қарағанды облысының әкімі үйінде суды неліктен үнемдейді? Ермағанбет Бөлекпаевпен сұхбат

Кеншілер өңірінің басшысы отбасымен Қарағандының көпқабатты үйлерінің бірінде тұрады және қаланың барлық тұрғындары сияқты жарты жылға жуық ыстық сусыз қалады. 10 жылдан бері қарағандылықтар шомылу үшін су жылытқыштарын пайдалануға мәжбүр. Tengrinews.kz тілшілеріне берген сұхбатында Қарағанды облысының басшысы өзін алаңдататын өңірдің мәселелері мен өзінің мансабы жайлы және түнгі уақытта әкімдердің чатына не жазатыны туралы айтып берді.

 

 

Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен ауылында дүниеге келген. Әр жылдары Павлодар ауданының, Астананың үш ауданының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары және Қарағанды қаласының әкімі болып жұмыс істеді. Ал бес ай бұрын Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл Ермағанбет Бөлекпаевтың республикалық БАҚ-қа берген алғашқы сұхбаты. Әкіммен біз оның Теміртау тұрғындарымен кездесуінен кейін сұхбаттаса алдық.

 

– Сізді бес ай бұрын Қарағанды облысының әкімі етіп тағайындады. Бұрынғы әкіммен салыстырып жата ма?

 

– Білмеймін, мүмкін солай да шығар.

 

– Сізге Қасымбектің (Қарағанды облысының бұрынғы әкімі) тұсында мұндай болмайтын еді деп айта ма?

 

– Мүмкін, олай айтып, жазатын да шығар. Бірақ мен бұл туралы әлі естіген жоқпын.

 

– Сіз осы облыстың тумасысыз, сізге қойылатын талап та басқаша шығар?

 

– Иә солай шығар. Талаптың қойылуы да орынды.

 

 

 

– Таныстарыңыздың немесе туыстарыңыздың сіздің мансабыңызға көмектескен жағдайлар болды ма? Немесе, керісінше, сізге хабарласып, жұмысқа орналастыру сынды бұйымтайларын айтатын жағдайлар болды ма?

 

– Жоқ, Мен мұндайды ұнатпаймын және маған мұндай ұсыныстар түскен жоқ. Мен өзім көп еңбектендім және ешқашан таныс пен туыстық байланыстарды жеке мақсаттарыма пайдаланған жоқпын. Жалпы, мен әрқашанда меритократия принципін ұстанамын. Мен азаматтардың өзінің кәсіби дағдылары мен тәжірибесінің негізінде мансаптық сатымен өсулерін қолдаймын. Менің соңғы тағайындауларым осыған байланысты.

 

– Яғни, сіз, кадрлардың жергілікті жерде әзірленуін қолдайсыз ба?

 

– Астананың мамандары мұнда келуге асығып отыр деп айта алмаймын. Өзім де өз адамдарымды тағайындайтын саясат ұстанбаймын. Мысалы, менің орынбасарларым менен бұрын қызметтеріне тағайындалған.

 

– Бірақ, бізде аймақ немесе қала әкімі ауысқан кезде оның командасы да өзгеретін жағдайлар бар. Бұл үдеріс қазір басқаша көрінгенімен, түпкі мәні сол күйінде қалып отыр.

 

– Менің ойымша, қазір ондай жағдайлар жоқ. Қазір жұмыс істей алатын адамдар керек. Біздің облыста мұндай нәрсе жоқ. Менің уақытымда және маған дейін мұндай нәрсе болған жоқ дер едім.

 

– Ал өзіңізге айтылған сынға қалай қарайсыз? Өткен қыста ол көп болды. Сын негізінен жылыту мен қар тазалау мәселесіне айтылып жатты.

 

– Мен сындарлы сынға жақсы қараймын және қателіктерді мойындаймын. Өткен жылыту маусымы Теміртауда күрделі өтті. Қала желілері қатты тозған. Мұндай проблема басқа қалалар мен елді мекендерде де бар. Біз оны шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

 

Қарға келетін болсақ, бәрі салыстырмалы дер едім. Қар әдеттен тыс көп жауған кезде ондай мәселелер туындап жатады. Бұл туралы жақсы білемін. Мен алты жыл бойы Астанада жұмыс істедім және қыс мезгілінде негізінен осы қар жинау жұмыстарымен айналыстым, бұл менің негізгі жұмыс бағытымның бірі болды. Бұл жұмыстарды жақсы білемін. Мен адамдардың жыл сайын жағдайдың жақсаруын қалайтынын түсінемін. Біз бұған қалыпты түрде қарауымыз керек.

 

 

 

– Қалада және облыста назар аударуды қажет ететін мәселелер бар ма? Сізді алаңдататын мәселелер бар ма?

 

– Негізінен, бұл ТКШ-на қатысты мәселелер. Бұл бізде ғана емес, басқа аймақтарда да басты проблемалардың бірі. Желілердің тозуы, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау сапасына байланысты мәселелер баршылық. Бұл тұрғындардың негізгі қажеттіліктері, осы орайда біз шағымдардың болмауын қамтамасыз етуіміз керек. Екінші мәселе ол білім және медицина саласына қатысты. Осы саладағы қызмет сапасы мен кадрларға назар аудару керек.

 

– Ал қала мен облыстағы жолдардың сапасы туралы не айтасыз?

 

– Мәселелер баршылық, біз оны мойындаймыз. Құрылыстың өзі, жолдарды жөндеу қымбатқа түседі. Жалпы жолдың бір шақырымын күрделі жөндеу қымбат тұрады. Кемінде ол 150 миллион теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарының құны жолдың негізін, не болмаса үстінгі қабатын ауыстыруға байланысты. Бірақ біз жол салынатын кей жерлерде бұрын жол мен тротуарлардың мүлдем болмағанын түсінуіміз керек. Қарағанды қаласының әкімі болған кезде Михайловка ауданындағы аулалардың біріне барғаным есімде. Сол кезде қарт тұрғынның бірі маған мұнда тұрған 50 жыл ішінде жолдың болмағанын айтқан болатын. Ол жерге жол салынды.

 

– Тұрғындар сыбайлас жемқорлық болмаса, жолдар жақсы салынар еді дейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

 

– Мен, әрине, сыбайлас жемқорлық мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Мүмкін, жергілікті жерлерде заңға қайшы фактілер болған шығар. Бұған жол бермеу үшін біз тәуелсіз тексеру жүргізетін Сапа орталығын жалдадық. Бұған қоса, кейбір мердігерлер тендерлер кезінде келісімшартты жеңіп алу үшін демпинг жасайды, ал содан кейін ақша жетіспейтініне шағымданады.

 

– Дегенмен қалада жол жөндеуден, қоғамдық көліктерден ақша табатын адамдардың белгілі бір тобы бар деген пікір бар.

 

– Егер сіз автопарктер туралы айтып отырсаңыз, біз мұндай жария емес жүйені алып тастадық. Қазір біз электронды төлем жүйесін енгізіп отырмыз. Сонымен қатар, облыстағы басқа қалаларды да қолма қол ақшасыз төлем жүйесіне қосып, жол жүру құнын 80 теңгеге дейін төмендеттік. Сондай-ақ, 1 мамырдан бастап Қарағандыда 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Жолаушылар тасымалында әлі де көп жұмыс істеу керек, өйткені бұл бүкіл облыс үшін маңызды мәселе.

 

 

 

– Қарағандыға келіп, халық табысының айырмашылығына қарамастан, мұнда тауарлар мен қызметтердің бағасы елордамен теңелгенін жиі байқап жүрміз. Мысалы, Қарағандыда екі бөлмелі пәтерді жалға алу Астанадағыдай қымбат. Супермаркеттің орташа чегі елордадағы бағамен теңесті. Қарағандылықтардың әл-ауқаты қалай болады?

 

– Бағалардың айтарлықтай өскені рас. Бірақ, бұл нарық, мұнда бағаны реттеу мүмкін емес және қажет емес. Біз бәсекелестік ортасын қалыптастырып, көптеген фирмалар мен өндірістердің ашылуына жағдай жасауымыз керек. Мысалы, бізде сүт өнімдерін шығаратын үш ірі компания бар. Белгілі болғандай, оларға шикізат жетіспейді. Біз оларды шикізатпен қамтамасыз ету үшін сүт фермаларын салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша біз бағаға әсер ете аламыз.

 

– Ал сіз бағаның өсуін өзіңіз сездіңіз бе? Сіздің жұмыс кестеңіз тығыз, отбасыңызда қажетті нәрселерді сатып алумен жұбайыңыз айналысады ма?

 

– Неге? Жоқ. Мен кейде азық-түлікке өзім баруға тырысамын. Мен барлық жерде қажетті заттарды сатып ала беремін. Үйдің жанындағы дүкенде, супермаркетте, базарда. Бұл жағдайда мен бағалар мен өнімді салыстыратыным бар. Мысалы, картоп 120 теңгеден, 140 теңгеден бар. Сары май 4000 теңгеден, ал өзіміздің Осакаровкада шығарылатын майдың бір келісі 2500 теңгеден сатылады.

 

– Сіз бағаны құпия сатып алушы ретінде тексеретін жағдайлар бола ма?

 

– Не үшін? Дәлірек айтқанда, оның не қажеті бар? Мен үшін супермаркеттер бағаны өзгерте ме? Жоқ, әрине. Мысалы мен облыс әкімдігінен шығып, үйге барар жолда айран сатып аламын. Немесе жақында қала әкімімен бірге жұмыстан кейін азық-түлік сатып алуға бардық. Бағаларды салыстырдық. Тауарларды көрдік. Не бар не жоғын көрдік. Негізі аптасына бір рет менің орынбасарым дүкендерге, базарларға барып, бағаларды салыстырады.

 

– Әкімге қала, елді мекен бойынша жаяу жүру керек деп ойлайсыз ба? Жақында Президент қала басшыларын жаяу жүруге шақырған болатын.

 

– Әрине, керек. Есептерді тыңдағаннан гөрі, бір уақыт өз көзіңмен көрген артық дер едім. Бұны басқаша қабылдайсың. Жасалған жұмыстарды тексеріп жүргенде көп нәрсе есіңде қалады.

 

 

 

– Сіз қаланы аралап үлгересіз бе? Сіздің жұмыс күніңіз нешеде басталады?

 

– Жұмыс күндері сіз мені жұмыста таңғы 7:30 -да, жексенбіде таңғы 8 немесе 08:30-да ұстай аласыз. Қаланы аралауға уақытым бар. Жалпы, біз тәжірибе үшін халықпен кездесуден бұрын қаланың немесе елді мекеннің проблемалық жерлерін қарап шығамыз. Жай ғана серуендеп емес, қажет болса үйлердің жертөлелеріне түсеміз. Мысалы, Теміртау тұрғындарымен кездесер алдында кей жерлерді қарап қайттық.

 

– Сіз өзіңіз тұратын ауданды аралап, тексересіз бе? Сіздің үйіңіздің қайда екенін білуге бола ма?

 

– Мен Оңтүстік-Шығыстағы Степной шағын ауданында, көпқабатты үйде тұрамын. Иә, жұмыстан кейін кешке өз ауданымды аралайтын уақыттар болады. Әдетте, қоқыс жәшіктері, жарығы жанбай тұрған алаңдар, тротуарлар көзге түседі. Жақында түн ішінде 15-ші магистральмен жүріп, бұл көшеде жарық шамдарының жартысының жанбайтынын байқадым. Бұл туралы бірден әкімдердің чатына жаздым. Жалпы, мен бір нәрсені көрсем, бірден сол жерге жазуға тырысамын.

 

– Егер сіз көпқабатты үйде тұрсаңыз, мамырдан қыркүйекке дейін пәтеріңізде су жылытқышты пайдаланатын шығарсыз?

 

– Иә, сонымен қатар мен суды үнемдеймін. Тіпті ретімен пайдаланбаса, үйдегілерге ұрсатыным бар. Үйіміздегі бөлмелердің бірінде жарық қосылып тұрса, мен оны өшіріп тастаймын.

 

Әрине, мен Астанадағыдай бізде үнемі ыстық судың болғанын қалаймын. Бірақ, қалалық су жүйесі басқаша салынған және үйлерде жылу алмастырғыштар жоқ. Жүйені ауыстыру мәселесі бұдан 10 жыл бұрын көтерілді, құжаттар қарастырылды. Бұл жұмыстар шамамен 300 миллион долларға бағаланды. Қазіргі уақытта ол баға бұдан да қымбат. Сонымен қатар жылу беру маусымының алдында жүйелерді жөндемесе тағы болмайды.

 

– Сізден аймағыңыздағы қалалардың экологиялық жағдайы туралы сұрайын деп едім. Бұл ретте Теміртаудағы қара қар, Қарағандыдағы түтін еске түседі.

 

– Теміртаудағы ластанудың негізгі көзі «АрселорМиттал Теміртау». Олардың басты проблемасы – өнеркәсіптік қалдықтардың үлкен көлемі. Өндірісті жаңғырту қажет. Біз жай ғана оның барлығын сырт көзбен қарап отырмыз деп айта алмаймын. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Қазіргі уақытта қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін көтеріп жатырмыз. Соңғы рет, мысалы, «АрселорМиттал Теміртауға» 5 миллиард теңгеге айыппұл салынды. Қарағандыға келетін болсақ, түтін басып кетудің себебі пешпен жылыту болып табылады. Бұл мәселені газдандыру арқылы шешуге болады. Біз ТКШ арқылы Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы 120 шаршы метрге дейінгі үйлердің иелеріне пайызсыз несие беруді жоспарлап отырмыз. Өйткені табиғи газға қосылудың бағасы әжептәуір үлкен екенін түсінеміз.

 

– «АрселорМиттал Теміртау» туралы. Біздің сайттағы осы компания туралы кез-келген жаңалықтың астында оқырмандар жағымсыз пікірлерді қалдырады. Қазақстандықтардың пікірінше, үкімет те, аймақ әкімшілігі де кеншілердің еңбек жағдайларына «Арселор» кәсіпорындарындағы жалақыны жақсартуға ықпал ете алмайды.

 

– Қауіп төнген жағдайда біз қажетті шараларды қолданамыз. Қазір өндірістерде қауіп төнген жағдайда жұмыстар дереу тоқтатылады. Біз бәріміз шахталарда болған өлім жағдайлары жайлы білеміз және олардың қайталануын қаламаймыз. Еңбек жағдайлары, жалақы туралы мәселелер «Арселордан» басқа да кәсіпорындарда көтеріледі. Мысалы, жиналыстарда шахтерлердің арнайы киімдерін ауыстыру, жылытылмаған автобустар мәселесі жиі көтеріліп жүрді. Мұның бәрі ауыстырылды.

 

– Өңірдегі басқа компаниялардың дамуы қалай өрбиді? Бізде танымал кәсіпорындар, мысалға атақты «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасының жағдайы қалай болады?

 

– Соңғы жылдары облыста жаңа кәсіпорындар пайда болды, бұл бәрімізді қуантады. Сондай-ақ, біздің тұрғындар жабылған өндірістерді қайта жандандыруда. Бұның жарқын мысалы – «Абай» тігін фабрикасы. Бірақ, қалпына келтіру процесін барлық өндірістерде бірдей жасау мүмкін емес. Мен «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасының ғимаратында болдым. Онда қандай да бір жұмысты бастау мүмкін емес, өйткені технологиялар әлдеқашан ескірген. Біз инвесторға, осы зауыттың иесіне Пришахтинск ауданында жер ұсындық. Қазір ол «Қарағанды кәмпиттері» брендімен жаңа фабрика салу бойынша даму институттарымен бірлесіп, жұмыс жасауда. Алдағы күндері жауап берілуі тиіс. Бұл инвестор өз жұмысына швейцариялықтар мен австриялықтарды тартуды көздеп отыр.

 

– Қарағандылықтармен жұмыс істегенде қандай ерекшеліктерді ескеру қажет? Кеншілер аймағында жұмыс істеу үшін нені білу керек? Көбінесе жергілікті тұрғындардың қатал мінезі жиі айтылып жатады.

 

– Қатал деуге келмес, турашыл деген абзал. Мақтау жиі айтылмайды, бірақ адамдар жұмысты әрқашан бағалайды. Бұл ашық сөйлескенді ұнататын адамдар. Білімді адамдар өте көп. Біздің қаламыз студенттер қаласы деп айтуға болады. Мұнда техник мамандар өте көп. Сондықтан инвесторлармен сөйлескен кезде біз оларға мұндай мамандарды әзірлейтін жоғары оқу орындарының және кәсіби деңгейі жоғары кадрлардың бар екендігін айтып отырамыз. Біздің облыс тұрғындары мен кәсіби мамандарымыз біздің байлығымыз дер едім.

 

– Сіз қарағандылықтардың қолдауын сезінесіз бе? Әкім ретінде емес, жергілікті тұрғын ретінде?

 

– Әрине. Өйткені адамдар осы жердің азаматы екенімді білгенде басқа да тұрғындар сияқты аймақ, қаланың дамуына алаңдайтынымызды түсінеді. Ақсақалдар еш кедергісіз келіп, кентке жол салу мәселесін көтеріп жатады. Немесе өзім де тұрғын ретінде азаматтардан қалаға мұқият қарауларын өтінемін. Жергілікті тұрғындар сенің осы жолдармен жүргеніңді, осы ауамен дем алғаныңды және пәтерде ыстық сусыз отырғаныңды білсе, онда саған деген көзқарас та сәл өзгеше болады. Өйткені сен басқалар сияқты жергілікті тұрғынның бірісің.

 

Сұхбаттасқан Әйгерім Әбілмажитова. Суреттер Тұрар Қазанғаповтыкі