Қарағанды облысының ең қарт адамы Нұра ауданында тұрады
1 қазан бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да Қарттар күні болып белгіленген. Бұл күн 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында бекітілді. Аталмыш мереке аға буынға құрмет пен тағзым ету күні болып саналады.
Қарттар күні – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы сіңірген еңбегін ерекше құрметтеу мен мойындаудың, сондай-ақ қарттарды қолдау, жалпы адамдардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыру сияқты мәселелерге көңіл бөлудің символы.
Қарағанды облысында 60 жастан асқан 181,6 мыңнан астам адам тұрады. 100 жастан асқан қариялар саны – 25.
Ең ұзақ ғұмыр кешкен әжей Тұмар Ысқақова Нұра ауданында тұрады. Ол 107 жаста. Тұмар апа Шет ауданында дүниеге келген, тұрмыс құрғаннан кейін Нұра ауданы Кертінді ауылына көшіп келген. Ол шаруалардың ауыр еңбегіне ерте жастан төселген, далада жұмыс істеп, мал баққан. Ұлы Отан соғысы кезінде ауылдастарымен бірге майданға сәлемдемелер жинаған, сарбаздарға шұлықтар мен жылы заттар тоқыған.
Жұбайымен бірге екі ұл тәрбиеді. Бүгінде жүз жастан асқан әже немерелері мен шөберелерін тәрбиелеп отыр. Туыстары да қамқорлық жасайды және көмектеседі.
Аға буынның өмірлік тәжірибесі баға жетпес. Жастар ата-бабалардың даналығынан, олардың тәжірибесі мен адамгершілік қасиеттерінен үлгі алуы керек.
Аға ұрпақтың өмірлік тәжірибесі мен даналығы баға жетпес, олардың көптеген жетістігі жастарға үлгі. Белсенді ұзақ өмір сүру жобалары егде жастағы қазақстандықтарға елдің қоғамдық өміріне мүмкіндігінше ұзақ уақыт қатысуға көмектеседі және олардың өмірін бай және қызықты етеді.
Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінде Қарағандыда төрт Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Аға буын өкілдері бос уақыттарын қызықты және пайдалы өткізе алатын, бір-бірімен байланыса алатын осындай орталықтар басқа қалалар мен аудандарда да бар.
Облыста қарттар күніне орай қарттарға (70 жастан бастап) жергілікті өкілді органдардың шешімімен 44 мың адамға жергілікті бюджет пен демеушілік қаражат есебінен 10 000-20 000 аралығында біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарланған.
Азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін жаппай мерекелік шаралар, мерекелік түскі асты ұйымдастыру және өткізу жоспарларған, шаралар 1 469 адамды қамтиды.
Сондай-ақ 1 674 адамды қамтитын бюджеттен тыс көздерден азық-түлік себеттерін тарату жоспарлануда.
Жүлделер мен сыйлықтармен мерекелік шараларды, жарыстарды, спорттық жарыстарды ұйымдастыру және өткізу 852 адамды қамтиды.
Қарқаралы қаласында орналасқан оңалту орталығында 735 қарт зейнеткер оңалтудан өтеді.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп жатамыз ғой, олай болса отбасыларыңызда қарттарыңызды тек мерекеде ғана емес, күнделікті қуантып, оларға қамқор болуды ұмытпайық!
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»