Қарағанды облысында жас ғалымдар клубы құрылмақ
Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) үшін биыл ерекше жыл – азаматтық институттың құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай Қарағанды облысында бірқатар маңызды шара ұйымдастырылып, ҚХА қызметін дамытуға бағытталған бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – өңірдегі ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының негізінде Жас ғалымдар клубын құру.
– Бұл клуб жас зерттеушілерге білім мен тәжірибе алмасу, ғылыми жобаларды дамыту және қолдау көрсететін алаң болмақ. Біз жоғары оқу орындарының ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, түрлі бағыттағы ғылыми зерттеулерді ілгерілетеміз. Әрбір қатысушы өз қызығушылықтары бойынша жұмыс істейтін болады, бірақ зерттеулер ҚХА тақырыбына жақын салаларға – ғылыми-практикалық мәселелер мен этномәдени бірлестіктердегі ахуалға бағытталады, – деді ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский.
Достық үйінде өткен кездесуде ол клубтың негізгі ережелері мен жоспарларын таныстырып, оның мақсаттары туралы толық ақпарат берді.
«Жастар ассамблеясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Тимур Жұмырбаев жастарды ғылыми және қоғамдық жұмыстарға тартудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жас ғалымдардың өңірлік және елдік деңгейдегі дамуға қосатын үлесінің зор екенін ерекше айтты. Оның пікірінше, жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету – ҚХА жұмысының басты бағыттарының бірі.
ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойы аясында Қарағанды облысында республикалық ақсақалдар кеңесі, меценаттар форумы және қайырымдылық акциялары сияқты ауқымды шаралар өткізілмек.
Сонымен бірге, Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген «Бейбітшілік пен келісім жолындағы 30 жыл» жоспарына сәйкес елімізде ҚХА-ның мерейтойына арналған түрлі республикалық шара ұйымдастырылады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»