Қарағанды облысында жағдай тұрақты

Қарағанды облысында өміршеңдікті қамтамасыз ететін сауда, бизнес нысандарының барлығы, қоғамдық көлік штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық тәртіп бұзушылық жоқ  

Бұл жайлы Жеңіс Қасымбекке облыстың барлық құрылымдарының басшылары шұғыл кеңес барысында мәлім етті. Облыс әкімі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 7 қаңтарда Қазақстан халқына үндеуі барысында берілген тапсырмаларды талқылады.

– Біз еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын бұзу қаупінің куәгері болып отырмыз. Осы күндері көптеген өңірлерде бейбіт тұрғындар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бизнес нысандары, мемлекеттік мекемелер зардап шекті, – деді Жеңіс Қасымбек. – Біздің өңірде жағдай тұрақты және бақылауда. Еліміздің басына туған осы бір қиын жағдайда азаматтарымыз даналық, сабырлық танытып, деструктивті күштердің арандатушылығына бой бермегені үшін алғысымызды айтамыз.

Ол сонымен қатар құқық қорғау органдарына қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін алғысын білдірді.

Ұлттық Банк Қарағанды филиалының директоры Ғазиз Шегеновтің айтуынша, банкоматтарды қолма-қол ақшамен толықтыру мәселесі шешілді.

Облыста 23.00-ден таңғы сағат 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Тәулік бойғы блок-бекеттер орнатылды. ТЖ режиміне байланысты интернет желісінде уақытша кідірістер болады.

– Senim 109 жедел желісі жұмыс істейді. Оған хабарласып тұрғындар ТЖ режиміне қатысты барлық алаңдатқан сауалдарына жауап ала алады. Барлықтарыңыздан енгізілген шектеу шараларына және интернеттің өшірілуіне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, – деп қосты Жеңіс Қасымбек.

ТКШ, денсаулық сақтау, білім беружәне басқа да салалар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Әсем Жүнісбекованың мәлімдеуінше, зейнетақылар мен жәрдемақылар алушылардың жеке шоттарына аударылды.

Өңір басшысы өміршеңдікті қамтамасыз ететін нысандардың жұмысын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ол интернетке мониторинг жүргізіп, арандатушылық ақпарат таратуды анықтау бойынша тапсырма берді. Облыс әкімі тұрғындарды арандатушылыққа бой бермей, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.