Қарағанды облысында су тасқынының алдын алуға қандай ауқымды шаралар көмектесті
Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық алдын ала басталды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық Жол картасы және облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында 20 елді мекен аумағында 90 шара іске асырылды. Бұл өз кезегінде ауқымды су тасқынын төмендетуге мүмкіндік берді. Су тасқынын барынша аз шығынмен өтуге қандай шаралар көмектескені жайлы облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов «24 KZ» арнасының эфирінде айтып берді.
– Әрине, көп жағдай ауа-райына байланысты — күзде топырақтың ылғалдануы, жердің қатуы, күндізгі және түндегі ауаның жылы болуы өз әсерін тигізді. Алайда 2015 жылы болған ауқымды су тасқынынан соң іске асырылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы жеті жылда 122 елді мекенде қызыл су жүру қаупін төмендетуге мүмкіндік туды. Әрине, шаттан тыс жайттар да болды. Ондай жағдайлар алдағы уақытта қайталанбас үшін жұмыстар жүргіземіз, – деді спикер.
Тек өткен жылдан бері облыс бойынша 8 шақырым қорғаныс білігі мен дамба орнатылды, өзен арналарының су көтерілу қаупі бар 45 шақырым учаскелері тазартылды. Бұған қоса 54 су шаруашылығы нысандары жөнделді. Автожолдардың 66 учаскесінде су өту қабілеті ұлғайтылды. Су тасқыны алдында ЖЖМ қоры дайындалып, инертті материалдар мен қаптар әзірленді. Елді мекендерден 3 млн текше метр қар шығарылды. Дегенмен де су тасқыны ауқымды болды. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, үш су қоймасы арқылы 600 млн текше метр су өткен. Мұндай көлемде су соңғы рет 2017 жылы тіркелген. Қазіргі таңда облыста су тасқыны бәсеңдеді, жағдай тұрақтанды. Су басқан ауылдарда қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Комиссия залал көлемін есептеуді аяқтап қалды. Үйлерді сатып алу немесе салу мәселесі қарастырылуда.
– Барлық зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Зардап шеккен тұрғындардың жағдайын қалыпқа келтіру үшін барлық қажетті шаралар қолданылып жатыр, – деп мәлім етті Бауыржан Асанов. – Ауызбірліктің арқасында су тасқыны барынша минималды шығынмен өтуі үшін барлық шараларды қолдана алдық. Бүгінгі таңда барлық 237 гидротехникалық нысандар іркіліссіз жұмыс істеп жатыр, қажетті су көлемімен толықтырылған. Ауылдарды су басып кетпеуі үшін облыстық маңызы бар үш жолды қазуға тура келді, оның екеуі қайта қалпына келтірілді. Сегіз жолды су шайып кетті, оның төртеуі қалыпқа келтірілді. Сондықтан әзірге қозғалыста қиындық туындауы мүмкін. Сабырлық танытып, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Оларды қалыпқа келтіру үшін шаралар қолданып жатырмыз.
Облыс әкімінің орынбасары күні-түні тынымсыз еңбек еткен барлық адамдарға: құрқарушыларға, әскерилерге, еріктілерге алғысын айтты. Қарағанды облысы өңірлердегі су тасқыны салдарын жоюға қолдау көрсетуге дайын.