Қарағанды облысында орман қорын көбейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Қарағанды облысында орман алқаптарын кеңейту және қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2027 жылға дейін өңірде 2 310 гектар аумаққа 7 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланған.

Бұл мәселе жақында өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаевтың айтуынша, өткен жылы 619,7 гектар жерге 1,8 миллион көшет отырғызылған. Ал биыл 439,5 гектарға 1,9 миллион көшет егу көзделген, олардың қатарында үйеңкі мен қарағай көшеттері бар.

Көшетпен қамтамасыз ету мақсатында тұрақты орман тәлімбағы жұмыс істейді. Оның аумағы былтыр кеңейтіліп, Қарағанды, Қу және Ақтоғай орман шаруашылықтарын қажетті материалмен қамтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, орман өсімдіктерінің тіршілік ету көрсеткішін жақсарту үшін жабық тамыр жүйесінде өсірілетін тұқым станциясын салу жоспарланып отыр.

Аймақта орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, ғылыми-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алты жаңа орман өрт сөндіру станциясы салынды, биыл тағы осындай алтауы бой көтермек. Бұдан бөлек, орман өрттерін ерте анықтау жүйелері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, биыл өңірде көгалдандыру жұмыстары аясында 54 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыстарға еріктілер де белсене қатысуда. Олардың бірі Михаил Горбов Қарағанды – Астана тас жолының бойына ағаш отырғызу бастамасына қосылғанын айтты.

Орман шаруашылығы саласының ардагері Валентина Лузина өңірдегі көгалдандыру жұмыстарының айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда орман мекемелері заманауи техникамен жабдықталған, жұмыс ережелері сақталуда, мамандардың еңбекақысы көтеріліп, кадр тұрақтылығы қалыптасқан.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көшет материалдарының сапасын бақылауды тапсырды. Ол Мемлекет басшысының 2021-2027 жылдар аралығында ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында көктемгі көгалдандыру жұмыстарын жоспарға сәйкес жүргізуді міндеттеді.

Бұл бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және жасыл аймақтарды ұлғайтуға оң әсерін тигізеді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»