Қарағанды облысында дауыс беру учаскелері жұмысын бастады

Қарағанды облысының барлық қала, аудандарында дауыс беру учаскелері таңғы сағат 7:00-де жұмысын бастады. Учаскелер ашылған сәттен бастап Қарағанды қаласының тұрғындары азаматтық ұстанымдарын білдіріп, белсенділік танытуда.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сайлауға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, дауыс беру күні 18 жасқа толған және сайлаушылар тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Бүгін облыс аумағында 639 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Барлық учаске сайлау процесін белгіленген талаптарға сәйкес өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлау учаскелерінің басым бөлігі білім беру, мәдениет және басқа да әлеуметтік нысандарда орналасқан.

Өңірдің қала аудандарында барлығы 653 сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Оның ішінде 14 аумақтық және 639 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Комиссиялар құрамында 4 429 адам қызмет атқарады.

Сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығына да ерекше көңіл бөлінген. Олардың арасында сайлау процесін ұйымдастыру мен өткізу тәжірибесі бар мамандардың үлесі жоғары.

Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да ерекше мән берілген. Осыған байланысты облыстық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында «Құрылтай – 2026» арнайы бөлімі жұмыс істейді. Онда сайлау заңнамасы, күнтізбелік жоспар, сайлау учаскелері туралы ақпарат, сайлау комиссияларының құрамы, сондай-ақ байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған материалдар орналастырылған.

Бүгін, яғни дауыс беру күні сайлау процесінің барысын 6 мыңнан астам адам бақылайды. Олардың қатарында сайлау комиссияларының мүшелерімен қатар қоғамдық байқаушылар да бар. Бұл сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін арттыруға бағытталған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған. Сайлау учаскелерінің басым бөлігі пандустармен, тактильді көрсеткіштермен, шақыру батырмаларымен және өзге де қажетті құралдармен жабдықталған.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz