Қарағанды облысында 70 мыңнан астам бала сауықтырылады

Жыл сайын жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдер үшін сауықтыру науқаны өткізіледі. Ағымдағы жылы сауықтыру науқаны барысында Қарағанды облысында 13 қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарының (БСҰ) және 468 мектеп жанындағы лагерьдің жұмысы жоспарлануда, оларда облыстың 70 мыңнан астам баласы сауықтырылатын болады.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жаз маусымында осы ұйымдарда балаларды сауықтыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар пайдалану алдында объектінің халықтың санитариялық- эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік- құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық- эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс.

Балаларды сауықтыру ұйымдарында жазғы сауықтыру маусымын ашу алдында жөндеуқалпына келтіру және профилактикалық шаралар, атап айтқанда, ғимараттағы жөндеу жұмыстары, инженерлік желілердің, желдету, ауа баптау жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру, ауызсуды зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау, аумақты тазалау және абаттандыру, профилактикалық дезинфекциялық, дезинсекциялық, санитарлық- эпидемиологиялық, дератизациялық іс-шаралар ұйымдастырылуы және жүргізілуі тиіс. Объектілер санитарлық ережелердің, гигиеналық нормативтердің талаптарына орай балалардың бой-жас ерекшеліктеріне сәйкес жиһазбен қамтамасыз етілуі тиіс. Жиһаз, жұмсақ, қатты мүкәммал, жабдық, санитариялық- техникалық аспаптар жарамды күйде болуы және мақсаты бойынша пайдаланылуы тиіс.

Дайындық жұмыстарының қажетті көлемі сауықтыру ұйымдарында пайдалану басталғанға дейін жүргізілуі тиіс, өйткені объектілер жұмыс істеп тұрған кезде, авариялық жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге жол берілмейді.

Балаларды сауықтыру ұйымдарының, оның ішінде ас блогының персоналында міндетті медициналық тексеруден өткен нәтижелері, жұмысқа рұқсаты, гигиеналық оқытудан өткені туралы мәліметтері бар жеке медициналық кітапшалары болуы тиіс.

Балалардың денсаулығын сақтау және нығайту шарттарының бірі — дұрыс ұйымдастырылған физиологиялық толыққанды, сапалы және қауіпсіз тамақтану, осыған байланысты БСҰ-да тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын санитариялық- эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Медицина қызметкерлері балалардың аурушаңдығын төмендетуге және денсаулығын нығайтуға бағытталған сауықтыру іс-шараларының кешенді жоспарын әзірлеуі, екі медициналық тексерудің деректерін салыстыру негізінде ауысымның басында және соңында балаларды сауықтырудың тиімділігіне бағалау жүргізуі тиіс.

БСҰ-ны пайдалану барысында объектілердің әкімшілігі санитариялық- эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндетті, персонал лагерьдегі балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін толық жауапты болады.

Қарағанды облысының Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп 2022 жылға арналған балаларды сауықтыру ұйымдарында балалардың демалысын, сауықтырылуын және тамақтануын ұйымдастыруды бақылау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуы және тамақтануын ұйымдастыру мәселелері уәкілетті органдардың бақылауында.

Майра БЕЛГІБАЕВА, Қарағанды облысының Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы