Қарағанды облысы – тиімділік пен дамудағы көшбасшы аймақ
Қазақстан құрылысшылар одағы жүргізген рейтинг нәтижесінде Қарағанды облысы ел бойынша үздік өңір деп танылды. Аймақ екі негізгі бағыт бойынша жоғары ұпай жинап, көш басынан көрінді – бюджет қаржысының тиімді игерілуі және индустриялық даму.
Қазақстанда көпірлер құлап, мектептер уақытында салынбай, шенеуніктер халықтан жасырынып жүрген уақытта, қай өңірлердің шынымен жұмыс істеп жатқанына көз жеткізу маңызды. Осы мақсатта Қазақстан құрылысшылар одағы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің тиімділігіне арналған кешенді рейтинг жасап шықты. Сараптама барысында бюджет игерілуі, құрылыс қарқыны, әлеуметтік желілердегі ашықтық және сыбайлас жемқорлық деректері секілді көптеген фактор ескерілді.
Қарағанды облысы бұл зерттеуде айқын көшбасшы атанып, екі маңызды бағыт бойынша жоғары нәтиже көрсетті:
- Индустриялық даму мен құрылыс саласында көшбасшы
Индустрияландыру мен жаңа нысандардың іске қосылуы бойынша Қарағанды облысы максималды 10 балл жинады. Бұл өңірде жобалар тек қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде де сәтті аяқталып жатқанын білдіреді. Зауыттар, инфрақұрылымдық нысандар, әлеуметтік объектілер – бәрі уақтылы әрі сапалы іске қосылып жатыр.
«Біз тек жоспарланған емес, нақты іске қосылған нысандарды есепке алдық. Қарағанды облысы – жобаларды толық аяқтап, іске асырып жатқан санаулы өңірлердің бірі», – дейді Құрылысшылар одағы сараптамалық бөлімінің жетекшісі Ернұр Исақұлов.
- Бюджетті тиімді пайдалану
Бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттерді игеру бойынша да Қарағанды облысы үздік өңірлердің қатарына енді. Бұл – мемлекеттік қаржының тиімді әрі нәтижелі жұмсалып жатқанын білдіреді. Құжатпен де, нақты құрылыс нәтижелерімен де дәлелденген.
«Бюджет қаржысы қағаз жүзінде қалып қоймай, шынайы жобаларға бағытталып отыр. Жол жөнделіп, әлеуметтік инфрақұрылым дамып жатыр», – дейді сарапшылар.
Жалпы нәтиже – жыл әкімдігі
Қарағанды облысы жалпы есеп бойынша 23 балл жинап, «Жыл әкімдігі» атағына лайық деп танылды. Бұл өңір тек атқарылған жұмыстар көлемі бойынша емес, оның сапасы жағынан да үздік шықты.
Күшті өңір – бұл тек инвестиция емес, сонымен қатар халықтың сенімі. Көптеген аймақта жемқорлық деректері мен игерілмеген қаржы мәселелері туындап жатқанда, Қарағанды облысының мысалы көрсетіп отыр: мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істесе, нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Қазақстан құрылысшылар одағының пікірінше, бұл рейтинг – жай есеп емес, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға арналған нақты құрал.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»