Қарағанды облысы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге дайындықты бастады
Қарағанды облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына арналған дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл ерекше дата аға буынның ерлігін дәріптеп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Мерейтойға дайындық барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында талқыланды.
Ардагерлерге қамқорлық басты назарда. Қарағанды облысында қазіргі уақытта 3240 соғыс және тыл ардагері тұрады. Оның ішінде:
Ұлы Отан соғысына қатысқан 9 адам;
Соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің жесірлері – 129;
Тыл еңбеккерлері – 3093 (оның ішінде алты айдан астам тылда еңбек еткендер – 2994, тыл еңбеккерлері – 99);
Концлагерь тұтқындары – 30;
Ленинград қоршауында болғандар – 13 адам.
Облыста ардагерлердің өмір сүру жағдайлары ерекше бақылауға алынған. Арнайы комиссия тұрмыс жағдайын зерттеп, қажетті көмек көрсету үшін жоспар әзірлеуде. Тұрғын үйлерді жөндеуді қажет ететін ардагерлерге демеушілердің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта соғыс ардагерлері арасында тұрғын үй кезегінде тұрғандар жоқ. Барлық ардагерлер коммуналдық төлемдерден босатылған, ал ауылдық жерде тұратындарға көмір мен отын жеткізілуде.
Сонымен қатар, тағы бір маңызды шара ардагерлерді тегін дәрі-дәрмекпен және стационарлық емдеумен қамтамасыз ету жүзеге асырылуда.
– Жеңіс күні қарсаңында әрбір ардагерге жергілікті бюджет есебінен 2 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Ескерткіштер мен мемориалдарға ерекше көңіл бөлінетін болады. Жалпы облыста 171 ескерткіш орналасқан. Барлық ескерткіштерді тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Және де облыс бойынша жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында түрлі шара ұйымдастырылады, – деді Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында мектептер мен колледждерде патриоттық сынып сағаттары, сурет және шығармашылық конкурстар өткізіліп, «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны ұйымдастырылады. «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы аясында соғысқа қатысушылар мен тыл еңбеккерлеріне естелік сыйлықтар табысталады.
Жергілікті БАҚ ардагерлердің ерліктерін дәріптейтін айдарлар ашады. «Ер есімі – ел есінде» онлайн акциясы да облыс деңгейінде қолдау тауып, Saryarqa телеарнасы мен «ЕКараганда» платформасында ұйымдастырылады.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді қолдау және олардың ерлігін ұлықтау маңызды міндет екенін атап өтті.
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – біздің тарихымыз үшін маңызды оқиға. Біз ардагерлерге құрмет көрсету мен олардың ерліктерін мәңгі есте қалдыру үшін бар күшімізді саламыз. Әрбір ардагердің үйіне барып, көмек көрсету – біздің басты парызымыз, – деп атап өтті ол.
Айтулы датаны лайықты деңгейде атап өту үшін облыс әкімдігі барлық жұмыстарды сапалы ұйымдастыруға ерекше мән беруде.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»