Қарағанды облысы дамудың жаңа кезеңінде: инвестиция, инфрақұрылым, мәдениет және ашықтық
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингіне қатысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымдық мәселелер мен мәдени нысандардың жаңартылуына, сондай-ақ халықты толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Басқосуда өңірдегі инвестициялық ахуал, өнеркәсіп өндірісі, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, мәдениет пен тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ, резонанс тудырған балалар өліміне қатысты мәселе де назардан тыс қалмады.
Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші
Облыс экономикасында инвестициялық серпін байқалады. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 327 миллиард теңгеге жеткен.
«Биыл жалпы құны 200 миллиард теңгеден асатын 36 инвестициялық жоба іске асырылады. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады», – деді облыс әкімі.
Бұл – алдағы ауқымды жоспарлардың басы ғана. 2031 жылға дейін Қарағанды облысында жалпы құны 4,3 триллион теңге болатын 108 жоба қолға алынбақ.
«Бұл бастамалар 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған жобалардың ішінде металл бұйымдарын мырышпен қаптау зауыты, «Тэмпо Қазақстан» болат құбыр зауыты, Осакаров ауданындағы «Гиперборея» жел электр станциясы, «Silumin of Qazaqstan» компаниясының алюминий радиатор шығаратын зауыты және құны 62 миллиард теңге болатын «Karagandy Power Silicium» ферросилиций кешені бар», – деп атап өтті әкім.
Саран үлгісі – басқа қалаларға таратылмақ
Саран қаласындағы индустриялық аймақтың табысты жұмысы өңірлік экономиканы әртараптандыруға сеп болды. Осы үлгі енді басқа қалаларда да енгізілмек.
«Саран моноқала мәртебесінен арылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасы әртараптандырылды. Премьер-Министрдің тапсырмасымен осы тәжірибе енді Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында да енгізіледі», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл Қарағанды, Саран және Теміртауда үш шағын өнеркәсіптік аймақ ашылады. Оның бірі – «Қармет Сервис» аумағында 20 мың шаршы метрлік өндірістік орын болады.
«Қармет 2030 жылға дейін 1,6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Тек биылдың өзінде бұл сома 295 миллиард теңгені құрайды», – деді әкім.
Шағын және орта бизнес: 245 мың адам жұмыспен қамтылған
Қарағанды облысында шағын және орта кәсіпкерлік те белсенді дамып келеді. Облыста 100 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, бұл салада 245 мың адам жұмыспен қамтылған.
«ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесін жыл соңына дейін 23 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Мемлекет тарапынан субсидия, грант және шағын несие түрінде қолдау жалғасады», – деді аймақ басшысы.
Цифрлық сауда – жаңа үрдіс
Брифинг барысында өңір басшысы сауда саласындағы цифрлық трансформацияны ерекше атап өтті.
«Қарағанды облысы сауда көлемі бойынша республикада төртінші орында. “Teez” маркетплейсі белсенді дамуда. 2025 жылға болжанған айналымы 1 миллиард теңгеге жетеді, бұл былтырғы көрсеткіштен алты есе көп», – деді әкім.
Тұрғын үй және ауызсу – басты міндеттердің бірі
Аймақ басшысы 545 мың шаршы метр тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Жекеменшік инвестициялар тарту арқылы жеке тұрғын үй құрылысы да жандана түспек.
Сонымен бірге, ауызсумен қамтамасыз ету – басым бағыт. Қазір облыста 36 нысан жаңғыртылып, жаңадан салынып жатыр. Бұл жұмыстар 200 мыңнан астам ауыл тұрғынын сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді. Қосымша 11 жоба мемлекеттік қор есебінен жүзеге асырылуда.
Мәдениет – халықтың рухани тірегі
Қарағанды – тек өндірістік емес, мәдениет орталығы да. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, облыс орталығындағы цирк, «Шалқыма» концерт залы мен Станиславский театры күрделі жөндеуден өтеді.
«Жоба-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асады», – деді әкім.
Жаңа заманауи концерт залының да құрылысы талқылануда. Ал бейнелеу өнері музейі орналасқан ғимарат су астында қалып, қорларға қауіп төндіріп отыр.
«Жаңа музей салу бойынша екі нұсқа қарастырылуда: бірі – оны концерт залымен бірге салу, екіншісі – бос тұрған ғимаратты қайтару», – деді облыс басшысы.
Қоғамдық көлік: баға біртіндеп өзгереді
Әкім жолақы тарифінің өсуі – уақыт талабы екенін айтты.
«Дизель отыны мен қосалқы бөлшектер қымбаттап жатыр. Бұл саланы тарифсіз ұстау мүмкін емес. Бағаны бірден емес, кезең-кезеңімен көтереміз», – деді ол.
Қазір Қарағандыда 200-ден астам жаңа автобус алынып, тоқтап қалған 6 маршрут қайта ашылған. Бұған дейін жолақы карта арқылы – 100 теңге, қолма-қол – 200 теңге болған. Ендігі жоспар – карта арқылы 120, қолма-қол – 250 теңге болуы мүмкін.
«Оңай» жүйесі арқылы 18 жасқа дейінгі балаларға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі берілді. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі», – деді Бөлекпаев.
Балалар өлімі: тергеу әлі аяқталған жоқ
2023 жылы мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы орталықта екі тәрбиеленуші көз жұмып, тағы бірнеше бала уланған. Бұл туралы да журналистер нақты сұрақ қойды.
«Иә, тергеу созылып кетті. Қазір Ресейдің сот-медициналық сараптама орталығынан қорытынды күтіп отырмыз. Қазақстандық сараптама нақты себепті анықтай алмады. Бұл жағдай мені де алаңдатып отыр», – деді әкім.
Кінәлілер әзірге анықталған жоқ. Ата-аналар дезинфекция ерітіндісі шайға қосылып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтқан. Қылмыстық іс облыстық прокуратураның бақылауында.
Қатты жауын – инфрақұрылымның шыдамына сынақ
Жақында Қарағандыда болған нөсер жауын кезінде бірнеше көше мен аула су астында қалған. Әкім бұл жағдайды Минскіде болған ұқсас оқиғамен салыстырды.
«Мұндай көлемдегі жауынға ешқандай су ағатын жүйе төтеп бере алмайды. Бұл – шындық. Минск секілді дамыған қалада да су басты. Бізде де дәл сондай жағдай», – деді ол.
Нөсерден кейін Бұқпа өзені толып кеткен, кейбір көшелерде су жиналғанымен, бірнеше сағат ішінде табиғи жолмен кеткен.
«2 миллиард теңгеге салынған жаңбыр суын өткізетін жүйе негізінен өз тиімділігін көрсетті. Бірақ Нефтебаза ауданы сияқты кей жерлерде әлі де мәселе бар. Бұл үйлердің жолдан төмен орналасуына байланысты», – деп түсіндірді аймақ басшысы.
Ермағанбет Бөлекпаевтың бұл жолғы брифингі – өңірдің даму бағытын айқындайтын маңызды алаң болды. Инвестициялық жобалар мен мәдени нысандарды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау мен инфрақұрылымды дамыту – барлығы жүйелі жоспар аясында жүзеге асуда.
«Біз халықпен ашық жұмыс істейміз. Көтерілген әрбір мәселе – бақылауымда», – деп түйіндеді аймақ басшысы.