Қарағанды мерекелік кейіпке енуде

Қарағанды қаласы Жаңа жыл мерекесін қарсы алуға қызу дайындық үстінде. Биыл қаланы безендіруде ұқыпты әрі тиімді тәсіл қолданылып, алдыңғы жылдары пайдаланылған шағын сәулеттік формалар мен сәндік элементтер жаңартылып, заманауи үлгіде қайта қолданылуда. Кешкі уақытта қала көшелері мен алаңдары жарықтандыру мен әсерлі инсталляциялар арқылы ерекше мерекелік атмосфераға бөленеді.

Биылғы қысқы безендірудің басты тақырыбы – 2026 жылы өтетін Олимпиада ойындары. Осыған орай қала аумағында қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған жарық композициялары орнатылып, LED-экрандарда олардың жаттығулары мен жарыстардағы өнер көрсетулерінен бейнематериалдар көрсетіледі.

Мерекелік шаралардың шарықтау шегі 26 желтоқсанға жоспарланған. Бұл күні сағат 18:30-да Тәуелсіздік алаңында биіктігі 20 метр болатын қаланың басты жаңа жылдық шыршасы салтанатты түрде жағылады. Кеш барысында сахналық қойылымдар, концерттік бағдарламалар және мерекелік отшашу ұйымдастырылады.

Сонымен қатар қала аумағында бірнеше жаңа жылдық шырша орнатылады. Олар Станиславский атындағы театрдың алдында, Жеңіс алаңында, «Алаш» аллеясында, Жаңа Майқұдық, Теміржолшылар және «Жастар» мәдениет үйінің аумағында, сондай-ақ ЖБИ гүлзарында бой көтереді.

Жаңа жылдық безендіру барлық ауданды қамтып, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерде жарық мүсіндер, иллюминацияланған ағаштар мен аллеялар, алаңдарда мерекелік контент көрсетілетін LED-экрандар орнатылады.

Қала тұрғындары үшін қысқы демалысты тиімді өткізуге жағдай жасалмақ. Сарыарқа көшесіндегі гүлзарда, Қазақстанның 50 жылдығы атындағы саябақта, Пришахтинск саябағында және Сұрыптау гүлзарында мұз айдындары мен сырғанақ алаңдары ашылады. Барлық нысан 26 желтоқсаннан бастап жұмысын бастап, тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді.

Қарағанды қаласы әкімдігінің ақпараты негізінде