Қарағанды медицина университетіне Поспеловтың есімі беріледі

Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы әрі тұңғыш ректоры Петр Моисеевич Поспеловтың есімі беріледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеп, даңқты ұйымдастырушының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында қабылданған шешім тарихи әділдіктің көрінісі екенін атап өтті.

Петр Поспелов Қарағанды медицина мектебінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға ретінде тарихта қалды. Ол 1950 жылға дейін Қарағанды облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарған және республикадағы екінші медициналық институтты ашу туралы бастама көтерген.

«1948 жылы ол КСРО Денсаулық сақтау министріне республикадағы екінші медициналық институтты ашу туралы өтініш хат жолдады. Өз хатында Қарағандының қарқынды дамып жатқанын, дәрігерлер мен педагогикалық кадрлардың жетіспейтінін негіздеп көрсетті. Соның нәтижесінде 1950 жылы тиісті шешім қабылданып, Қарағандыда медициналық институт ашылды», – дейді медицина ғылымдарының докторы, доцент Виктор Зубов.

Сол кезеңде Қазақ КСР-індегі жалғыз медициналық институт Алматыда орналасқандықтан, елде білікті дәрігерлер тапшылығы өткір сезілді. Мәскеу, Ленинград және Қазан қалаларынан келген мамандар өңірде тұрақтап қалмайтын. Осындай жағдайда Петр Поспеловтың табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті Қарағандыда республикадағы екінші медициналық жоғары оқу орнының ашылуына жол ашты.

Поспелов оқу орнының тұңғыш ректоры болып тағайындалып, оны 1974 жылға дейін басқарды. Осы жылдары институт Кеңес Одағындағы беделді медициналық жоғары оқу орындарының біріне айналды.

«Біздің институт КСРО-дағы 85 медициналық жоғары оқу орнының ішінде үздік ондықтың қатарынан көрінді. Оқытушылар құрамының үштен бірін профессорлар мен доценттер құрады. Кадрлық әлеуеті жағынан біздің оқу орны ең үздіктердің бірі болды», – дейді медицина ғылымдарының докторы, доцент Виктор Зубов.

Петр Поспелов 1903 жылы Кубань облысында дүниеге келген. 1933 жылы өз еркімен Қарағандыға қоныс аударып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға белсене атсалысты. Ерен еңбегі үшін оған 1943 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріліп, кейін «Құрмет Белгісі» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталды.

Ол көптеген танымал дәрігерлердің үлкен өмірге жол ашқан ұстаз ретінде де есте қалды.

«Петр Моисеевич студенттерге, әсіресе қазақ жастарына ерекше көңіл бөлетін. Оларды қолдап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға ынталандыратын», – дейді онколог-хирург, доцент, ҚММИ-дің 1961 жылғы түлегі Мейрам Тұрғынов.

Әріптестері мен шәкірттерінің естелігінде Петр Поспелов адамгершілігі жоғары, науқасқа жанашырлықпен қарауды басты қағида еткен дәрігер ретінде сақталған.

«Петр Моисеевич бізге: «Алдарыңызға емделуші келгенде, оны түсіне біліңіздер, ол сіздерге ішкі сырын ақтарып келгендей сенім білдіруі керек», – деп үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын», – деп еске алады медицина ғылымдарының докторы, доцент Виктор Зубов.

Бүгінде Қарағанды қаласындағы көшелердің бірі мен оқу корпустарының біріндегі мемориалдық тақта Петр Поспеловтың есімін иеленіп отыр. Енді оның есімі Қарағанды медицина университетіне берілмек. Бұл шешім – өңірдегі медицина мектебінің негізін қалаған тұлғаның еңбегіне көрсетілген құрмет пен тарихи әділдіктің тағы бір айқын көрінісі.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

 «QH»