Қарағанды медицина саласында серпіліс жасады
Қарағанды облысы денсаулық сақтау саласында тағы бір маңызды қадам жасады. Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың хирургиялық бөлімшесінде жақын күндері ерекше операциялар басталмақ. Мұнда миға миллиметрлік дәлдікпен араласуға мүмкіндік беретін Remebot RM-200 атты нейрохирургиялық робот іске қосылады. Бұл – Қазақстандағы өз үлгісіндегі алғашқы құрылғы.
Жасанды интеллектпен жабдықталған Remebot жүйесі ең күрделі нейрохирургиялық оталарды бұрынғыдан да қауіпсіз және дәл орындауға мүмкіндік береді. Заманауи аппарат жергілікті бюджет есебінен сатып алынған. Қазір мамандар жүйені сынақтан өткізіп, алғашқы операцияларға дайындық үстінде.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа роботтың жұмысымен арнайы танысып, өңірде денсаулық сақтау саласын технологиялық тұрғыда жаңғырту бағытындағы жұмыстарды ерекше атап өтті.
– Жалпы біз медицина саласын жүйелі түрде жаңғыртып келеміз. Жергілікті бюджет есебінен алынған бұл заманауи құрылғы – өңір медицинасындағы сапалы өзгерістің бастауы. Мұндай технологиялар адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аурухана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиевтің айтуынша, Remebot жүйесі жылына 300-ден астам жоғары технологиялық операция жасауға мүмкіндік береді. Оның дәлдігі – бір миллиметрден де аз. Бұл Паркинсон мен эпилепсия диагнозы бар науқастарға, сондай-ақ ми ісігін алып тастауға бағытталған күрделі стереотактикалық оталарды жаңа деңгейде орындауға жол ашады.
– Remebot моделі – Қазақстандағы осы үлгідегі алғашқы құрылғы. Ол операцияны жоғары дәлдікпен жасауға және араласу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Соның арқасында науқастың сауығу болжамы жақсарып, тәуекел деңгейі азаяды, – дейді Еркін-Дәуір Құрманғалиев.
Жүйенің басты бөлігі – Reme-Hybrid деп аталатын роботтандырылған қол. Ол хирургке ми тіндерінде ең нәзік манипуляцияларды орындауға көмектесіп, қауіп-қатерді барынша азайтады. Бұған дейін мұндай оталар толығымен қолмен жасалса, енді жаңа технология олардың дәлдігі мен қауіпсіздігін бірнеше есе арттырмақ.
Айта кетейік, Мақажанов атындағы аурухананың нейрохирургтары Қытайда арнайы оқудан өтіп, Remebot құрылғысымен жұмыс істеу бойынша халықаралық сертификат алған. Енді сол тәжірибе Қарағандыда да қолданысқа енгізілмек.
Жаңа роботты енгізу өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, Қарағандыны жоғары технологиялық нейрохирургия орталығына айналдыруға жол ашады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»