ҚАРАҒАНДЫ ЛАГЕРІ – ҚАРА ОРАМАЛ

Еліміздің тарихындағы қасіретті кезең – саяси репрессия мен аштық құрбандарын еске алуға арналған оқырман конференциясы «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №4 филиалында өтті. Кітапсүйер көпшілік қауым қатысқан жиын Ғалым Жайлыбайдың өткен ғасырдағы қасіретті кезең бейнеленген «Қара орамал» атты аза дастанын талдау мақсатында ұйымдастырылды.

Мектеп оқушылары тебірене оқыған ақын жырларынан сталиндік жүйенің қанқұйлы озбыр әрекеттері көрініс тапты.

«Атом» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі, «Қара орамал» кітабының суреттерін салған қылқалам шебері Кәріпбек Күйіков миллиондаған адамның өліміне әкеп соқтырған, адам қолымен жасалған қатыгездіктің жан түршігерлік сәттеріне тоқтала келіп, «келешек ұрпақ мұндай жағдайды бастан өткермесін» деген тілегін қоса білдірді. Семей полигоны жайлы да қынжыла айтуына тура келді.

ҚР Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қарағанды облысы білім беру ісінің құрметті қызметкері Тілеуғалы Әміртайұлы қуғындалған ұлт зиялыларының жазықсыз жазалануы орны толмас өкініш екенін баса айтты. Сол жылдардағы қаралы кезеңнің еліміздің дамуына тигізген кері әсерінен әлі күнге дейін халық санының өспей отырғанына қынжылыс білдірді.

Одан кейін көрермен сұрақтарына жауап берілді. «Қарлаг» мұражайы қызметкерлерімен ЗУМ арқылы байланыс орнатылып, мұражай жайлы мағлұмат алудың сәті түсті.

Конференция жұмысын кітапхана қызметкерлері Дана Мұратқызы мен Сәуле Мәденқызы екі тілде жүргізді. Жыр оқыған мектеп оқушылары алғысхатпен марапатталды.

Жиын барысында оқушылардың белсенділігі, өткенді білуге деген құштарлығы байқалды. Бұл – сирек кездесетін құбылыс.

Аңғар СМАҒҰЛ,

өлкетанушы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі