Қарағанды кеншілер мерекесін дүркіретіп атап өтті
Қарағанды үшін Кеншілер күні – күнтізбедегі кезекті кәсіби мереке емес, өңірдің тарихы мен тағдырын айқындаған еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі. Биыл облыста кеншілер мерекесі ерекше ауқымда аталып, өндірісті өңірдің дәстүрі мен заманауи мәдени тынысын тоғыстырған айтулы шараларға ұласты.
Мерекенің басты оқиғасы Қарағандының Оңтүстік-Шығысындағы жаңадан бой көтерген алаңда өтті. Мұнда ұйымдастырылған ауқымды концертке шамамен 250 мың көрермен жиналды. Қарағанды облысының әкімдігі бұл шараны өңірдегі соңғы жылдардағы ең ірі мерекелік оқиғалардың бірі деп бағалады.
Биылғы Кеншілер күні 30 тамызға сәйкес келді. Ал мерекелік концерт 29 тамыз күні өтіп, бірнеше сағат бойы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кешке Қарағанды тұрғындарымен бірге Қазақстанның өзге өңірлерінен және шетелден келген қонақтар да қатысты. Ресми мәліметке сүйенсек, мерекелік шараға ТМД елдерінен, Ұлыбританиядан, Қытайдан, Италиядан, Испаниядан және басқа мемлекеттерден көрермендер келген.
Концерт үшін арнайы әзірленген сахнаның ені 62 метрді құрады. Қуатты дыбыс жүйесі, жарық және мультимедиялық эффектілер кештің ауқымын арттыра түсті. Ұйымдастырушылар көрермендердің көптігін ескеріп, қоғамдық көлік қозғалысын да күшейтті. Концерттен кейін Қарағандыдан Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран, Топар және Шахан бағытына қосымша 50 автобус қатынады.
Сахнада әртүрлі музыкалық бағыттағы өнерпаздар өнер көрсетті. Көрермендер Dequine, Молданазар, Қайрат Нұртас, Дима Билан және Димаш Құдайбергеннің өнерін тамашалады. Әртүрлі буын мен жанр өкілдерінің бір сахнаға шығуы мерекелік бағдарламаның мазмұнын кеңейтіп, кешті көпшілікке ортақ мәдени оқиғаға айналдырды.
Кештің басты күткен сәттерінің бірі – Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетуі болды. Әнші концерттік бағдарламасында заманауи шығармалармен қатар қазақтың музыкалық мұрасына да кең орын берді. Ұлттық әндердің заманауи аранжировкамен орындалуы көрермен ықыласына бөленді. Қобызшы Олжас Құрманбек пен домбырашылар Темірлан Олжабай және Ернат Наурыз да концерттік бағдарламаға өз үлестерін қосты.
Димаш Құдайберген мерекелік кештің көрерменіне алғысын білдіріп, Кеншілер күнін құттықтады. Ал Дима Билан Қарағандыдағы көрермендердің ықыласына ризашылығын жеткізді.
Қала тұрғыны Назгүл Бекарысқызы үшін де концерттің әсері ерекше болған.
– Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Әсіресе Димаштың өнерін тамашалау мен үшін ерекше әсер болды. Оның дауысы мен сахнадағы энергиясы көрерменге бірден беріледі. Қазақтың халық әндерін заманауи форматта орындағаны да ұнады. Осындай үлкен концерттердің Қарағандыда жиі өткенін қалаймын. Кешке балаларымды ала келдім, ерекше әсер алдық, – дейді ол.
Алайда Кеншілер күні Қарағанды қаласындағы үлкен концертпен ғана шектелген жоқ. Мереке облыстың серіктес қалалары – Саран, Абай және Шахтинскіде, сондай-ақ кеншілер кенттерінде де кең көлемде ұйымдастырылды. Мұнда спорттық жарыстар, ат спорты, күштік экстрим, футбол турнирлері, балаларға арналған ойын-сауықтар мен концерттік бағдарламалар өтті.
Шахтинск биыл мерекемен қатар өзінің 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Ал Абай қаласында тұрғындардың назарын шахта жабдықтарының көрмесі аударды. Мұнда вагонетка, аспалы локомотив пен таспалы конвейер секілді өндірістік техника үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме әсіресе балаларға кенші еңбегі мен тау-кен өндірісінің ерекшелігін таныстыруға мүмкіндік берді.
Кеншілер күні қарсаңында өңірде көмір өнеркәсібінің үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі де өтті. Яғни мерекелік шаралардың өзегінде тек ойын-сауық емес, еңбегімен өңірдің дамуына үлес қосып жүрген мамандарға құрмет көрсету дәстүрі тұрды.
Қарағанды облысы үшін мұндай мерекенің мәні терең. Өйткені көмір өндіру – өңірдің өндірістік тарихының ажырамас бөлігі. Биылдың өзінде облыста 20 миллион тоннаға жуық көмір өндірілген. Сондықтан Кеншілер күні – жер астындағы ауыр еңбекті атқарып жүрген мамандардың кәсіби мерекесі ғана емес, тұтас аймақтың еңбек дәстүрін ұлықтайтын күн.
Мерекенің тағы бір есте қаларлық оқиғасы – Димаш Құдайбергеннің Кеншілер күнінен кейін Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтаға баруы болды. Әлемге танымал әнші жер астына 700 метр тереңдікке түсіп, кеншілердің жұмыс жағдайымен және қауіпсіздік жүйелерімен танысты. Ол шахта жұмысшыларын кәсіби мерекесімен құттықтап, кенші еңбегіне ерекше құрмет білдірді.
Осылайша биылғы Кеншілер күні Қарағандыда бірнеше бағытты тоғыстырған үлкен мерекеге айналды. Бір жағында – маңдай терімен ел экономикасына үлес қосып жүрген кеншілерге көрсетілген құрмет болса, екінші жағында – қала тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинаған мәдени бағдарлама, спорттық шаралар мен ұлттық өнер болды.
Ал кештің соңғы нүктесі аспанды түрлі түске бөлеген мерекелік отшашумен қойылды. Ширек миллионға жуық көрерменнің басын қосқан бұл кеш Қарағандының кеншілер қаласы ретіндегі дәстүрін жаңа форматтағы мерекелік мәдениетпен сабақтастырған айтулы оқиға ретінде есте қалды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

