Қарағанды кәсіпкерлеріне жаңа қаржылық мүмкіндік

Қаладағы шағын бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары кеңейіп келеді. Соның бірі – биыл іске қосылған «Іскер аймақ» бағдарламасы. Жаңа тетік кәсіпкерлерге өндірісті жолға қоюға, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қарағанды қаласы үшін мұндай қолдаудың маңызы ерекше. Себебі шағын және орта бизнес – қала экономикасының маңызды құрамдас бөлігі, ал жаңа кәсіпорындар қосымша жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті ұлғайтуға ықпал етеді.

«Іскер аймақ» – микро және шағын бизнес субъектілерінің қаржыға қолжетімділігін арттыруға арналған бірыңғай бағдарлама. Мемлекеттік қолдаудың бұл тетігі 2025 жылдың соңында іске қосылды. 2026 жылы бағдарлама аясында республика бойынша 5 мыңға жуық жобаны қаржыландыруға 400 млрд теңге қарастырылған

Бағдарламаның негізгі артықшылықтарының бірі – кәсіпкерлердің 200 млн теңгеге дейін қаржы алу мүмкіндігі. Қаражат инвестициялық мақсаттарға да, айналым қаражатын толықтыруға да бағытталуы мүмкін. Бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі 21 пайыздан аспайды, ал мемлекеттік субсидиялау тетігі кәсіпкердің қаржылық жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.

 

Қарағанды үшін мүмкіндігі мол бағыт

Қалада кәсіпкерлікті дамыту тек сауда немесе қызмет көрсету саласымен шектелмейді. Өндіріс, азық-түлік өнімдерін шығару, құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, қаптама, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу секілді бағыттардың да әлеуеті бар.

«Іскер аймақ» бағдарламасында дәл осы нақты өндірістік бағыттарға басымдық беріледі. Сонымен бірге әр өңірдің ерекшелігі ескеріліп, басым қызмет түрлерін жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен айқындау қарастырылған. Бұл тәсіл қолдауды жергілікті экономиканың нақты сұранысына бейімдеуге мүмкіндік береді.

Қарағанды қаласы үшін мұның маңызы зор. Қаланың экономикалық құрылымында өнеркәсіппен қатар шағын және орта кәсіпкерліктің де орны бар. Сондықтан жаңа өндіріс ашатын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорнын жаңғыртатын кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету – қаланың экономикалық белсенділігін арттырудың бір жолы.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі тек қаржы көлемімен өлшенбейді. Кәсіпкер алған қаражатқа құрал-жабдық сатып алып, өндірісін кеңейтсе, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өнім көлемінің артуына және жергілікті нарықтағы тауар ұсынысының көбейуіне әсер етеді.

 

Қолдау тетіктері қаладағы кәсіпкерлікке серпін береді

Қарағанды қаласының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарында да қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары айқындалған. Осы ретте кәсіпкерлікті дамыту мен шағын бизнеске қолайлы жағдай жасау қала экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – қаржыға қолжетімділік. Жобаны іске асыруға қажетті кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін «Даму» қорының кепілдік беру құралдары қарастырылған. Бұл бизнес субъектілерінің банк қаржыландыруына қол жеткізу мүмкіндігін арттырады.

Биыл Қарағанды облысы бойынша кәсіпкерлікті қаржылай және қаржылай емес қолдауға 14,2 млрд теңге қарастырылғаны да ресми мәліметте көрсетілген. Бұл қаражаттың ішінде республикалық және жергілікті бюджет қаржысы бар.

Қала үшін маңыздысы – бұл мүмкіндіктердің кәсіпкерлерге нақты әрі түсінікті жеткізілуі. Кәсібін бастағысы немесе кеңейткісі келетін азамат мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын алдын ала зерделеп, өз жобасының талаптарға сәйкестігін анықтай алады.

«Іскер аймақ» бағдарламасы осы тұрғыдан алғанда Қарағандыдағы шағын бизнес үшін жаңа қаржылық құралдардың біріне айналмақ. Оның тиімділігі қаланың нақты қажеттіліктеріне бағытталған жобалардың көбеюімен, өндірістің кеңеюімен және жаңа жұмыс орындарының ашылуымен өлшенеді.

Кәсіпкерлікті қолдау – тек бизнесті қаржыландыру емес, қаланың экономикалық әлеуетін күшейту. Қарағандыда жаңа жобалардың іске қосылуы, жергілікті өнім өндірісінің артуы және жұмыс орындарының көбеюі тұрғындардың әл-ауқатына да тікелей әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру мен мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қала дамуының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»