Қарағанды өңірінде танымал кәсіби жүргізуші, халықаралық конкурстардың жеңімпазы Марат Мейрамұлы Оспанов студенттермен кездесті

2021 жылдың 17 қарашасында Қарағанды техникалық университетінде Қарағанды өңірінде танымал кәсіби жүргізуші, халықаралық конкурстардың жеңімпазы Марат Мейрамұлы Оспанов студенттермен кездесті.
Құрметті қонақ бұрын вирустың барына сенбегенін айтып, өзі індетке шалдығып, ажалға қарсы өмірі үшін күрескені, сол сәттегі дәрменсіздігі өмірге көзқарасын түбегейлі өзгерткені жайлы оқиғасын баяндады. «Мен ауруханада 92%-дық өкпе жарақатымен ауыр жағдайда болдым. Дәрігерлердің қамқорлығы мен біліктілігінің арқасында сауығып шықтым. Қазір мен толыққанды өмір сүріп жатырмын», – деді Марат Мейрамұлы. Өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасында аурудан кейінгі жағдайымен бөлісетінін және дәрігерлерге көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдіретінін де жеткізді.
Оқиғасын аса қызығушылықпен тыңдаған студенттерді ол денсаулықтарын күтіп, індеттің алдын алу үшін екпе алу қажеттілігін ескертті, жаман әдеттерден аулақ болып, спортпен, рухани дамумен айналысуға шақырды. Кездесу соңында мәртебелі қонаққа университет басшылығының Алғыс хаты табысталды.