Қарағанды хайуанаттар бағында қоңыр аю дүниеге келді

Қарағанды хайуанаттар бағында – жақсы жаңалық: қоңыр аюлар қонжығы дүниеге келді. Кішкентай қонжықтың анасы – 12 жасар Маша аю да, әкесі – 13 жасар Тимоша есімді аю.

Бұл – аюлардың алғашқы төлдеуі емес. Бірнеше жыл бұрын туылған қонжықтар қазір Ташкент хайуанаттар бағында екен.

– Қоңыр аюдың төлдегенін шиқылдаған дыбыстан білдік. Оны алғаш рет қаңтар айында естідік, – дейді хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова. – Бірнеше қонжық деп ойладық. Әдетте екеу туады. Алайда жалғыз болып шықты. Анасы баласын наурыз айының соңында ғана көпшілікке көрсетті. Қонжық өзін жақсы сезінеді, белсенді және ізденімпаз. Анасы да жақсы.

Жануарлар күшейтілген тамақтануға ауыстырылды. Қазір оларда серуендеуге жеткілікті орын бар, торы кең. Күн сәулесінен қорғайтын шатыр бар.

Сондай-ақ жақында хайуанаттар бағы үш түйеқұспен (екі аналық және бір аталық) толықты. Олар Ташкенттен әкелінді.

Нанду түйеқұстары – ұшпайтын үлкен құс, олар Оңтүстік Американың эндемигі саналады.

Нандулар өзінің ерекше жүріс-тұрысымен қызық. Оның аяқтары ұзын әрі күшті, тұрақтылық үшін үш бақайы бар, ол бақайлар құстардың тастақ жерде жылдам қозғалуына ықпал етеді. Нанду түйеқұстары күндізгі уақытта белсенді. Тек шамадан тыс құрғақшылық немесе жылу кедергі келтіріп, белсенді кезеңін түнге ауыстырады.

Бұл түйеқұстардың көру және есту қабілеті жақсы дамыған. Жүгіру кезінде нандудың адымы 1,5-2 м, ал жылдамдығы 50-60 км/сағ.

Қызықты фактілер:

  • Кей ғалым нандудың жер бетіндегі ең көне құстар тұқымдасы екенін, алғашқы ұшпайтын құс және басқа түрлері осыдан тарағанын айтады;
  • Құстардың жұптасу кезінде шығаратын дыбыстарына қарай оларды «нан-ду» деп атап кеткен;
  • Үйір басшысы оңай танылады: ол басын жоғары әрі тік ұстайды, ал төменірек құстар оны түсіруге тырысады.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»