Қарағанды хайуанаттар бағында маймылдар әулеті толықты

Қарағанды хайуанаттар бағында сирек кездесетін қара мангабейлер отбасында қуанышты оқиға болды – жаңа төл дүниеге келді. Африканың Орталық бөлігінен шыққан бұл ерекше приматтардың қолда көбеюі мамандар үшін маңызды жетістік саналады.

Жаңа туған маймыл анасының қамқорлығында өсіп жатыр. Қазір ол әлі кішкентай болғанымен, төбесіндегі ерекше шаш үлгісі оның айдарлы мангабейлер тұқымына жататынын айқын көрсетеді. Хайуанаттар бағы қызметкерлері төлдің жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова жас ананың күтімі мен табиғи инстинктін жоғары бағалады.

– Ол уақытылы және ветеринарлардың көмегінсіз өзі босанды. Заза — өте жақсы ана. Таңертең келгенімізде оның толғағы басталғанын байқадық, біз тек бақылап отырдық. Ол бәрін өзі атқарды. Қазір де баласын ешкімге қимай, үнемі көрсетіп, «міне, менің төлім» дегендей ерекше мақтанышпен қарайды, – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, мангабейлердің табиғи ортадан тыс жағдайда көбеюі – сирек құбылыс. Бұл хайуанаттар бағының жануарларды күтіп-баптау деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Қазіргі таңда хайуанаттар бағында екі ұрғашы және бір еркек қара мангабей бар. Олар 2023 жылы Армениядан әкелінген, ал бастапқыда Біріккен Араб Әмірліктерінен жеткізілген. Табиғатта бұл түр Орталық Африка ормандарында мекендейді.

Еркек мангабей Азис өз «таңдауын» жасап, аналықтардың бірі Зазаға ерекше жақын болған. Қазір ол төлін қорғап отырған ананы сырттай бақылап жүр.

– Төлдің жынысы әзірге анықталмады, оны мазалап, үркітпейміз. Анасы оны бір елі жанынан тастамай отыр. Ол баласын өрмелеуге, қоршаудағы арқанды ұстауға үйретіп жатыр. Тіпті әкесі де көрші тордан бақылап тұрады, – дейді Гүлнар Адамбекова.

Жас ана мен төлдің тамақтану режимі де ерекше бақылауға алынған. Рационға жеміс-жидек, көкөніс, цитрус өнімдері енгізілген. Мамандардың айтуынша, мұндай күтім ана мен баланың денсаулығы үшін өте маңызды.

– Азық-түлік қатаң тәртіппен жеткізіледі. Барлығы күн аралатып әкелінеді, өнімдер алдын ала сақталмайды. Бұл сапаны сақтауға және жануарлардың дұрыс қоректенуіне мүмкіндік береді, – дейді хайуанаттар бағының директоры.

Алдағы уақытта кішкентай мангабейге есім беру үшін арнайы конкурс өткізу жоспарланып отыр. Алайда бұл рәсім алдымен оның жынысы анықталғаннан кейін ғана ұйымдастырылады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»