Қарағанды хайуанаттар бағы жаңа аң-құспен толықты

Қарағанды хайуанаттар бағы Африкадан келген кішігірім зебра табыны және тәжді тырналар жұбымен толықты.

Зебралар бірнеше апта бойы карантинде болып, жаңа жерге үйренді. Қазір хайуанаттар бағының қызметкерлері олар үшін үлкен қоршау салып жатыр, оны 15 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жануарлар үшін қысқы үй қарастырылған.

– Біздің хайуанаттар бағы жаңа зебра отбасымен толықты: Боксбургтен (Оңтүстік Африка) келген бір еркек және төрт ұрғашы. Зебралар қазір бейімделуден өтті, өте жақсы қоректенуде. Бұған дейін бізде бір ғана Батыр болды. Ол Алматы хайуанаттар бағынан келген. Оның қасына зебралар алғымыз келген, бірақ Қазақстанда бұл жануарларды сатып ала алмадық. Біздің Батыр сәбізді, қызылшаны, қырыққабатты, картопты қуана жейді. Африкадан келген зебралар мұндай тағамды жемейді. Олар шөп, сұлы, бидайды жақсы көреді. Біз оларды кебекке де үйретеміз. Зебралардың тезірек тамыр жайып, болашақта ұрпақ бере бастағанын қалаймыз, – дейді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекова.

Сондай-ақ зообақ Батыс Африкада Бенин Республикасынан тәжді тырналарды да сатып алған. Бұл құстардың биіктігі 91-104 см, салмағы 3,9-5,2 кг, қанаттарының ұзындығы 183-198 см.

– Біз тағы бірнеше тәжді тырналарды – еркек пен ұрғашы әкелдік. Бұл өте әдемі құстар, жылуды жақсы көретін шөпқоректілер. Олар үшін қажетті жағдайлар жасалды: ғимаратымыздың бірінші қабатында орналастырамыз. Әзірге құстарда карантин кезеңі жүріп жатыр. Олар күніне екі рет тамақтанады. Біз жүгері жармасын, жартылай шикі тары береміз. Болашақта оларды шикі өнімге үйретпекпіз, – деді Гүлнара Адамбекова.

Сондай-ақ, хайуанаттар бағының директоры хайуанаттар бағын толықтыру жоспарымен бөлісті. Чехияның Хлебы қаласының хайуанаттар бағы зообаққа Бразза маймылдарын сыйлаған, олар жақын арада Қарағандыға келуі керек. Олармен бірге ақ валлаби кенгурулары келеді — екі аналық және еркек.

Хайуанаттар бағы сонымен қатар жасыл мен симири маймылдарымен толықтырылады. Жануарларды айырбастау және сатып алу туралы басқа да жоспарлар бар.

– Биыл біздің хайуанаттар бағы үшін коллекцияны толықтыру және дамыту тұрғысынан тарихи жыл болды, – деп атап өтті Гүлнара Адамбекова.

Құралай ӘЛЖАППАР, «QH»