Қарағанды хайуанаттар бағы Гималай аюымен толықты

Қарағанды хайуанаттар бағына аналық Гималай аюы қоныстанды. Яссури есімді қонжық Алматыдан әкелінді.

– Гималай аюын алу менің арманым болды. Біз оны Алматы хайуанаттар бағынан сатып алдық. Бұл – аналық, қара көк түсті аю. Ол бізге өте тез бейімделді. Алдына қойған тамақты бірден ішіп-жей бастады. Яссури өз есімін өте жақсы біледі, бірден жауап береді. Ол үшін біз қоршауды жөндеп, таспен жауып, шатыр жасадық, өйткені Гималай аюлары биіктікке еркін және қорықпай көтеріледі. Яссури өте белсенді. Ол біздің климатқа жақсы бейімделді, оған қамқорлық жасайтын қызметкерге де үйреніп келеді. Біздің хайуанаттар бағын жануарлардың басқа түрлерімен толықтырғым келеді, – дейді хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова. – Біз Ресей хайуанаттар бағымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер Табиғат қадағалау органы біздің шарттарымызды қарап, басқа хайуанаттар бағынан аталық аю сатып алуға рұқсат берсе, онда Яссуридің жұбы болады.

Гималай аюы жайлы қысқаша ақпарат

Гималай аюы халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Ол көбіне Шығыс Азияда тіршілік етеді. Батыс аймақтан Ауғанстанда, оған қоса Гималайдың оңтүстік беткейлерінде, Оңтүстік және шығыс Қытайда, Корей түбегінде, Жапонияның кей аралында кездеседі. Қиыр Шығыстың оңтүстігінде қоңыр аюға қарағанда едәуір көп ұшырасады.

Гималай аюы дене тұрқы жағынан қоңыр аюдан кішірек және сидаңдау, тұмсығы жұқа, құлақтары үлкен. Түгі қалың әрі үлпілдек және түсі қара.

Қоңыр аюдан айырмашылығы – Гималай аюы жартылай ағашта тіршілік етеді, яғни ағаштан қорек алып жейді және жауларынан қорғанады. Қыста терек немесе жөке ағашының қуыстарында ұйықтайды.