Қарағанды гүлге бөленеді: қалада 1,5 миллионнан астам өсімдік егіледі
Биыл Қарағанды қаласын ауқымды көгалдандыру жұмыстары күтіп тұр. Қала аумағында 1,5 миллионнан астам гүл егу жоспарланған. Бұл туралы облыс орталығының әкімі Мейрам Кожухов мәлімдеді.
Негізгі үлесті біржылдық гүлдер құрайды. Қала көшелері петуния мен барқытгүлдерге бөленбек. Сонымен қатар көпжылдық өсімдіктер де кеңінен отырғызылмақ: раушан, астра, шалфей және лиатрис секілді гүлдердің 23 мыңға жуық көшеті егіледі. Бұған қоса, қалада 7 мыңға жуық бұта отырғызу жоспарланған.
Қарағанды келбетін көріктендіру жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен. Қала аумағында 100 металл гүл композициясы орнатылып, пилоттық жоба аясында алғашқы 8 гранит құмыра (вазон) қойылды. Бірқатар сәндік элементтерді «Саябақтар басқармасы» өз күшімен дайындап жатыр.
Гүлдер тек саябақтар мен скверлерде ғана емес, негізгі көшелер мен магистральдар бойында да отырғызылады. Маусым бойы барлық күтіп-баптау жұмыстарын арнайы қызметтер атқаратын болады.
Қала басшысы тұрғындарға үндеу жасап, жасыл желекті қорғауға шақырды.
– Гүлдерді тек тамашалап, күтіммен қарауымыз керек. Гүлзарларға кіріп кету, гүлдерді жұлу немесе тасып әкету жағдайларынан аулақ болған жөн, – деді әкім.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама Қарағандының экологиялық келбетін жақсартып қана қоймай, қала тұрғындары үшін жайлы әрі көрікті орта қалыптастыруға бағытталған.

