Қарағанды қар астында қалмай ма?
Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізді. Күн тәртібіндегі басты тақырып – Қарағанды қаласындағы коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы, автокөлік жолдары және газдандыру мәселелері. Оның ішінде қыстың қытымыр ауа райында қала көшелерінің тазалығына ерекше тоқталып өтті.
Әкімнің айтуынша, қала бойынша аумақтарды қардан тазалау үшін 9 мердігер ұйым жұмыс істейді. Олармен үш жылдық келісімшарт жасалған. Арнайы техниканың 447 бірлігі бар, сонымен қатар биыл 14 трактор сатып алу үшін қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта олардың 4-еуі қаланың саябақтары мен скверлерінің аумақтарын тазартуға жұмылдырылған, қалған 10-ына аспалы жабдық орнатылып, жақын арада жұмысқа тартылатын болады.
– Қар түскен кезде бір сәтте бәрін тазалау мүмкін емес, оның өзіндік тәртібі бар. Бірінші кезекте біз автобус жолдарын тазалаймыз. Бұрын 1 жылға тендер жүргізілетін, былтыр біз 3 жылға жарияладық, ол өз нәтижесін беруі тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Рас, Қарағанды – жайылып жатқан қала. Аудандардың арасы алыс, көшелері көп. Кей кезде шағын кей көше назардан тыс қалып қояды. Бұл – тіпті дамыған елдердің қалаларында болатын жағдай. Яғни екі-үш күн тоқтамай ақ ұлпа жауғанда, келер күні оны тап-таза ету деген ақылға қонымсыз.
Биыл қар көп жауса, мамандар былтырғыдай екі ауысымда жұмыс жүргізетін болады. Оған мамандар да, техника да сай тұр. Оның үстіне, биыл күрекпен қар тазалағанды барынша азайтып, орнына шағын механикалық құрылғыларды көптеп алып, оның барлығын барынша заманауи, жедел жүргізу жоспары бар.
Расул МҰХАММЕД,
«QH»