Қарағанды қаласының дамуы: Жайлы өмір үшін қадамдар

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қаланың жан-жақты дамып, олар үшін жайлы жағдайлар жасау маңызды. Соңғы уақытта қаламыз бірқатар маңызды бастамалар мен жобалар арқылы қарқынды дамып келеді. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың жетекшілігімен Қарағанды әкімдігінде өткен жиында қала дамуына қатысты біраз мәселелер талқыланды. 

Алдымен қала әкімі Мейрам Кожуховтың атқарылған жатқан істер жайлы баяндамасы тындалып, алдағы жоспарлар талқыланды

Сәтті қалалық дамудың негізі бюджет жоспарлау болып табылады. Мейрам Кожуховтың сөзінше қала бюджеті мемлекет басшысы қойған міндеттер мен стратегиялық құжаттарға сәйкес басымдықтарды ескере отырып қабылданды. 2025 жылы қаланың жалпы бюджеті, трансферттерді қоса алғанда, 152,6 миллиард теңге болады. Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталады.

Таза және көркем қала

Қала тұрғындар үшін қолайлы болуы тиіс, деген аймақ басшысы Қарағанды қаласының екі аудан әкіміне қарды уақтылы тазалау бойынша ескерту жасады. Қала таза әрі көгалданған болуы үшін «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру бойынша істер жүзеге асырылуы тиіс, деп санайды Ермағанбет Бөлекпаев.

Ол өз сөзінде: «Өкінішке қарай проблема бар. Әлеуметтік желілерде қар шығару және тазалау бойынша шағымдар көп. Мен мұны өзім де көріп отырмын. Тәртіп барлық жерде болуы керек: орталықта да, шетте де. Бұл аудан әкімдерінің жауапкершілік аймағы. Тәртіпті үнемі қадағалап отыру қажет», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, қоқыстарын жинамайтын құрылыс компанияларына назар аударды. Тіпті Пришахтинскідегі Оқушылар сарайын салған мердігердің жұмыстар аяқталғаннан кейін қоршаған аумақты ретке келтіріп қана қоймай, көгалдандыруға үлес қосқанын үлгі ретінде келтірді.

Қала әкімі Мейрам Кожухов тұрғын үй салушылардың көгалдандыруға қатысуы туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Оларға пәтер саны бойынша үйдің жанына ағаш отырғызып, содан кейін оларға күтім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұсынылады», – деді қала әкімі өз сөзінде.

Балаларға арналған инфрақұрылым

Балалар темір жолы жаңартылып, оның бағыты хайуанаттар бағына дейін ұзартылатын болады.

– Сіздің тапсырмаңыз бойынша маршрутты кеңейте отырып және хайуанаттар бағы ауданында қосымша аялдама пунктін ұйымдастыра отырып, балалар темір жолын жаңғыртуға, кондиционерлермен және оқшаулаумен жабдықталған вагондарды жаңартуға бюджеттен шығыстар көзделген. Сондай-ақ, теміржол бойында бес мыңға жуық алма ағашы отырғызылады, – деді қала әкімі.

Ол атап өткендей арнайы тапсырыс бойынша жаңа вагондар шығаратын кәсіпорын табылған. Сонымен қатар теміржол бойында 5000 алма ағашы отырғызу жоспарланған.

Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманы қолдап:

«Маршрутты хайуанаттар бағына дейін ұзарту қажеттігі туралы көптен айтылып жүр. Бұл – халықтың сұранысы», – деді.

Сондай-ақ, Орталық мәдениет және демалыс саябағының дамуына да тоқталды. Облыс әкімі ескірген аттракциондар мен олардың қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Ол саябақ аумағында жұмыс істейтін бизнестің жоғары бағасына да назар аударды. Мұны кәсіпкерлермен бірлесіп шешу керек екенін айтты.

Инфрақұрылымдық жобалар

Инфрақұрылым – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруда маңызды элемент. Мынадай негізгі жобалар жоспарланған.

Тұрғын үй құрылысы бойынша 30-шы шағынауданында және Пришахтинскіде тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Газдандыру мәселесі келер болсақ, жаңа газ тарату желілері 246 көшені қамтитын болады, бұл экологиялық жағдайды жақсартып, зиянды заттардың шығарылуын азайтады.

Сонымен қатар жылу магистралдарын қайта жаңарту және жылу желілерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржыландыру ұлғайтылатын болады.

Тағы бір өзекті мәселе Қарағандыда 50 жыл бұрын салынған кәріз және су тарату жүйелерін жаңарту басталады. Жиында баяндалғандай бүгінде төрт коллекторды қайта құру және жаңа кәріз-сорғы стансасын салу үшін жобалар дайын. Биыл олар іске асырыла бастайды.

«Бұл мәселемен тыңғылықты айналысатын кез келді. Сондай-ақ, биыл қала тұрғындарын жүз пайыз орталықтандырылған су беру жүйесімен қамтамасыз ету міндеті тұр», – деп мәлімдеді өңір басшысы.

Жылумен жабдықтау бойынша да ірі жобалар іске асырылуда. Үшінші жылу шығарғыштың құрылысы аяқталып, жылумен жабдықтау мәселелеріне қаржыландыру ұлғайтылды.

Абаттандыру жұмыстары

Қала әкімі атап өткендей Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық аймақтарын абаттандыру бойынша арнайы схема әзірленген. Жаяу жүргіншілер жолдары, шағын архитектуралық нысандар мен гүлзарларды абаттандыру жұмыстары жоспарланған.

Оңтүстік-Шығыста «Сары-Арқа» гүлзарын абаттандыру жалғасады. Кеншілер даңғылындағы гүлзарды ағымдағы жөндеу жоспарлануда.

Әлихан Бөкейхан ауданында Күзембаев және Сталелитейная көшесінің гүлзарлары ретке келтірілетін болады.

– Біздің міндетіміз – облыс орталығына демалу және серуендеу үшін көбірек аймақтар қосу. Жол бойындағы, аулалардағы, орталық көшелердегі бос жерлерді де абаттандыру керек, – дейді Мейрам Кожухов.

Жолдарды жөндеу және жол құрлысына қатысты 2025 жылы қаламыздың 80% автожол жақсы жағдайда болады, деп сендірді қала басшылығы. Және де жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін «Ақылды бағдаршам» жүйесі енгізілуде.

Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 65 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Оған Бұқар жырау даңғылындағы жаяу жүргіншілер аймағы мен театр алаңын жаңарту жұмыстары да қолға алынуда.

Қаладағы өзгерістер тұрғындар үшін ыңғайлы, заманауи және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

– Тұрғындардың үміттері зор, және біз оларды ақтауға міндеттіміз. Біз бірге қаланы жайлы, заманауи және өмір сүруге ыңғайлы етуге тиіспіз, – деп қорытындылады облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағандының дамуы – тек инфрақұрылымдық өзгерістер емес, бұл қала тұрғындарының болашағы үшін жасалған стратегиялық қадамдардың көрінісі.

Құралай Жұмағалиқызы,

«QH»