Қарағандыға жаңа кәріз станциясы қажет
Қарағандыда апатты жағдайдағы кәріз желілерін жаңарту және жаңа аэрация станциясын салу мәселесі күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Себебі қаланың барлық кәріз суы ағатын қазіргі тазарту станциясы 1979 жылы салынған, ал оның тозу деңгейі 85 пайыздан асып отыр.
«Қарағанды Су» ЖШС директорының орынбасары Денис Калиничевтың айтуынша, нысанның жұмыс істеу принципі – бетоннан салынған ескі жүйеге негізделген.
«Уақыт өте келе бәрі мүжіліп, жарамсыз күйге түсіп жатыр. Соған қарамастан, өз күшімізбен қажетті шараларды өткізіп, станцияның қазіргі деңгейде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тырысамыз», – дейді ол.
Аэрация станциясының тозуы тұрғындарға да сезіледі – кей кездері қалаға жайылып кететін жағымсыз иіс ескі жүйенің шамадан тыс жүктелгенін көрсетеді.
2021-2023 жылдары облыс басшылығы мен Үкіметтің келісімімен жаңа кәріз тазарту нысанының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Мақсат – Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) несие алу еді.
Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев бұл жобаға қажетті қаражат көлемін нақтылады.
«Құны қосымша құн салығынсыз – 40 миллиард, ал ҚҚС-пен есептегенде – 52 миллиард теңгені құрайды», – деді ол.
Алайда несие қайтарымы екі еседен де көп болғандықтан, баламалы қаржыландыру көздерін қарастыру қолға алынған.
Қала мен облыс әкімдіктері экологиялық эмиссия төлемдері мен жергілікті бюджет есебінен қаржы тарту мүмкіндігін қарастырып отыр.
«Экологиялық эмиссия бар, сондай-ақ қала мен облыс бюджеті қарастырылуда. Әрине, бәрін тұрғындардың мойнына тариф арқылы арта салу дұрыс емес. Егер республикалық деңгейде қосымша қаражат сұрауға мүмкіндік болса – бұл біз үшін тиімді. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі де қарастырылып отыр», – дейді қалалық мәслихат депутаты Марат Түсіпов.
Жоба қуаты да жиында талқыланды. Қарағанды облыстық экологиялық мұражайының даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыковтың айтуынша, қалада 2030 жылға қарай тәулігіне шамамен 150 мың текше метр, ал 2040 жылға қарай 170 мың текше метр тұрмыстық суды тазарту қажет болады.
Алайда сарапшылар жобаның қазіргі қуаты су тасқыны кезіндегі қажетті көлемнен аз екенін атап өтті.
Қалада соңғы жылдары нөсер кәріз жүйесін қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде еріген қар мен жаңбыр суларының көбі енді тұрмыстық кәрізге емес, өз арналары арқылы ағып жатыр. Бұл тазарту станциясына түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік берді.
Бас жоспарға сәйкес, Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинск ықшамаудандарында қосымша бірнеше шағын тазарту нысанын салу көзделіп отыр.
Дегенмен «Сокол» тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының өкілі Юрий Меркудинов Фёдоровка маңындағы ақауларға назар аударды.
«Бұрын саяжайларды су басып, тіпті су қоймасына дейін жеткен жағдайлар болған. Ал енді соның бәрін «аспап көрсеткіштері дұрыс» деп жаба салу қисынға келмейді», – дейді Юрий Меркудинов.
Монополист компания өкілдері бұл ақаулар жалпы су көлемінің мардымсыз бөлігі екенін айтып отыр.
Қарағандыда жаңа кәріз тазарту станциясын салу – тек экологиялық емес, стратегиялық маңызы бар мәселе. Қала тұрғындарының өмір сапасы мен экожүйе қауіпсіздігі осы жобаға тікелей байланысты. Қазір басты сұрақ – 52 миллиард теңгені қайдан табамыз және жобаны қалай тиімді жүзеге асырамыз?
Жоспар бойынша жаңа нысан 2027 жылға қарай іске қосылуы тиіс. Ал оған дейін Қарағанды су тазарту жүйесінің болашағы қаржылық шешімдер мен нақты әрекеттерге тәуелді болып тұр.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

