Қарқаралыда табиғи өртке қарсы дайындық пысықталды

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында орналасқан Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ауқымды тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті. Шара Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен өткізілген «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғи өрттерге қарсы күреске тартылатын күштер мен құралдардың нақты төтенше жағдайдағы өзара іс-қимылын пысықтау, үйлесімділікті арттыру және практикалық дағдыларды жетілдіру. Сонымен қатар, өрт сөндіру бөлімшелерінің, ұлттық парк қызметкерлерінің және ерікті өртке қарсы құрылымдардың бірлескен әрекеттерінің тиімділігін тексеру де басты назарда болды.

Оқу-жаттығу жиынының мазмұны бойынша, туристік топ демалыс кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, от жаққан. Қолайсыз ауа райы жағдайлары – құрғақшылық пен қатты жел – өрттің орман және дала алқаптарына жылдам таралуына себеп болды. Апаттың ауқымын анықтау үшін тікұшақпен әуебарлау жүргізілді. Бұл – шынайы жағдайға барынша ұқсас негізде дайындалған тактикалық жаттығудың басты артықшылығы.

 

Оқу-жаттығуға барлығы 150 адам және 39 бірлік техника қатысты. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі, орман өрт станциясы, полиция, медициналық қызмет, ерікті өрт сөндірушілер мен тамақтандыру бөлімдері бірігіп, үйлесімді жұмыс жасады.

Шартты өрт үш учаскеге бөлініп сөндірілді. Жаттығу барысында арқалық өрт сөндіргіштер сияқты заманауи және дәстүрлі құралдар пайдаланылды. Бірлескен күштің арқасында шартты табиғи өрт толығымен сөндірілді. Қайта тұтануды болдырмау мақсатында жанған аумақта қосымша барлау және суару жұмыстары жүргізілді.

Оқу-жаттығу аясында таулы жерде жүрген туристерді іздеу және құтқару, сондай-ақ зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша да міндеттер пысықталды. Бұл бөлім қауіп-қатер туындаған кезде адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жылдам әрі нақты әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Іс-шара соңында барлық бөлімшелердің жұмысына оң баға беріліп, оқу-жаттығудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны атап өтілді.

Айта кетейік, оқу-жаттығу орны кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені 2024 жылғы өрт қауіпті кезеңде Қарағанды облысы бойынша тіркелген 11 орман өрті жағдайының 8-і дәл осы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орын алған. Бұл – өңірдегі өрт қаупінің жоғары деңгейде екенін, сондай-ақ мұндай жаттығулардың практикалық маңызын айқындай түседі.

Мұндай ауқымды жаттығулар еліміздің табиғи байлықтарын сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқарады. Өрт – тек табиғатқа емес, адам өміріне де үлкен қатер. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таба бермек.

Ералы ҒАНИ,

«QH»