ҚАРҚАРАЛЫ ҚЫРАНЫ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ

Шежірелі тарихтың тарамдалған тармақтары бүккен сыр аз емес. Бүгінгі әңгіме – сол Алаш қайраткерлерінің ісін жалғастырушы, Әлиханның ізі, Әлімханның інісі, Ақбайдың Жақыбының тынысы, жұрт Ахаң деп құрметтеген ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынның шәкірті, Сәкеннің сырласы, Мағжанның мұңдасы, Смағұл Сәдуақасовтың досы, Әуезовке қамқор, Аймауытовқа қорған болған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов.

 

Нығметтің шыққан тегі Арғынның Қаракесек руынан өрбитін Нұрбике-Шаншар бұтағынан. Шаншардан Бердібек (Бертіс), Тілеубек (Тілеуке), Келдібек есімді үш ұл тарайды. Осындағы Келдібек – Қаздауысты Қазыбек бидің әкесі. Ал Тілеуке Түркістандағы Қ.Ясауи кесенесіне жерленген. Тілеукеден – Жоламан – Қойсоймас, Кішкіл – Менеш – Тәукебай – Нұрмақ. Ал Нұрмақтан 8 перзент – Нығмет, Құрманғали, Жәмел есімді 3 ұл және Мапыш, Мәжікен, Торғай, Қайша, Шәкен есімді 5 қыз – тарайды. Ал Нұрмақ атаның жары Шидә әжей асыл сүйек Қожа руынан.

Нұрмақтың Нығметінен Тамара атты қызы мен Ноян атты ұлы болған. Өкінішке орай, 37 жылдың ойранында екі бала да балалар үйіне өткізіледі. Тамара сонда жүріп қаршадай шағында дүниеден өтеді. Ноян болса жоғары білімді су маманы болады. Ол да 61 жасында Мəскеуде анасы Зүфүнінің қолында қайтыс болады. Онан туған қыздар қазір Ресей елінде. Нығметтің жары Зүфүнін жеңгеміз 94 жасында дүниеден өтті. Ол күш-қуаты бойында бар кезінде Қарқаралыға, Қарағандыға келіп тұрған. 1985 жылы Н.Нұрмақовтың 90 жылдығына байланысты Қарқаралыда өткен салтанатқа қатысты. Нығаңның жұбайы Зүфүн – мұқым Орта жүзге аты мəшһүр дəулетті адам Ақбайдың Ыбырайының қызы. Ыбырайдың əкесі – Берікқара болысындағы көзі қарақты, еті тірі, дəулетті адамның бірі болған Ақбай Жандеркин. Ол – 1905 жылы Ресейдің ұлы мəртебелі императорына Қарқаралы оязына қарайтын 21 болыстың атынан петиция жолдаған адамдардың бірі. Ақбайдан Ыбырай мен Жақып туған. Жақып – казақ халқының тəуелсіздігі жолында өмірінің соңғы сəтіне дейін күресіп өткен ғұлама ғалым, əйгілі заңгер.

«1937 жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргінге бірінші кезекте республиканың басшы-қызметкерлері мен зиялы қауымы ілікті. 1937 жылы 16-22 қарашада өткен «Қарағанды ісі» деп аталған ашық сот процесі Қарқаралы округінің, Қарағанды облысының бұрынғы және сол кездегі басшылары А.Асылбековті, М.Ғатауллинді, Н.Нұрсейітовті, А.Ізбасаровты, М.Ордабаевты, Ж.Баймолдинді және тағы басқаларын «1934 жылы ұйымдастырылған Қарқаралы округінде Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық, зиянкестік ұйым құрды, оларға Мәскеудегі Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожановтар басшылық жасады» деп айыптады. Мәскеуде Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан мен Дағыстанда құрылған контрреволюциялық ұйымдарды біріктірген пантүріктік ұйымның орталығы жұмыс жасаған деп кезінде Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының басшы қызметкерлері Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ф.Ходжаев, Г.Каркмасов, Халиков, Х.Кушаев, Таджиев айыпталды. 1937 жылы 19 шілдеде Мәскеуде Хафиз Кушаев тұтқындалды. Оған Башқұртстанда Кеңес өкіметіне қарсы зиянкестік ұйым құрған, сонымен қатар Нұрмақовпен тығыз байланыста болған, одан контрреволюциялық күрес жүргізуге кеңес алып отырған, 1934 жылы Қазақстанға барғанда Ағарту халкомы Х.Нұрмұхамедовке, Қарқаралы округтік атқару комитетінің төрағасы А.Асылбековке, Қарқаралы округтік жоспарлау бөлімінің қызметкерлері Кикенов пен Таукинге, Семей қалалық кеңесінің төрағасы Байтіленовке, тағы басқа адамдарға Қазақстанның совхоз және колхоз құрылысына зиян келтіру жұмысын ұйымдастыру үшін көтерілісшілер ұяларын құру, Кеңес өкіметіне қарсы ұйымның жұмысын күшейту туралы Нұрмақовтың тапсырған нұсқауларын берді деген айып тағылды. Толығырақ тергеу құжаттарына сүйенейік. 1937 жылы 16 тамызда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік Бас басқармасының қызметкерлері Нұрмақов пен Кушаевтың арасында көзбе-көз беттестіру өткізген. Кушаевқа: «Сіз Нұрмақовтың тапсырмасымен Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізгеніңізді мойындайсыз ба?» – деген сұрақ қойылғанда: «Иә, мойындаймын», – деп жауап берген. Әрі қарай тергеушінің: «Қандай жұмыс жүргізгеніңізді толық айтып беріңіз», – дегеніне Кушаев Нұрмақовпен 1932 жылдан таныс екенін, өзінің Башқұртстандағы кеңеске қарсы ұйымның басшыларының бірі екенін білген соң Нұрмақовтың Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұйымының жұмысы бойынша тапсырмалар беріп, сол үшін өзін жиі Қазақстанға іссапарларға жібергенін, оның 1934 жылы өзінің кабинетінде кеңеске қарсы башқұрт ұйымы жағынан террорлық ұйым құру, БК(б)П ОК Саяси Бюросының мүшелеріне қарсы қастандық жасау туралы нұсқау бергенін, нұсқауды Нұрмақов оңшылдар Бухариннен, Рыковтан, Томскийден алғанын айтқаны жөнінде жауап беріпті. Осыған орай өзіне қойылған: «Сіз Кушаевтың көрсетулерін растайсыз ба?» – деген сұраққа Нұрмақов: «Кушаев Хафиздің оған зиянкестік, көтерілісшілер қозғалысын ұйымдастыру туралы құқықтық нұсқауларды және БК(б)П ОК Саяси Бюросының мүшелеріне қарсы террорлық актілерді бергенім туралы көрсетуін растаймын», – деп жауап беріпті. Жауап қалың, қою сиямен жазылып, қырынан сызылып қойылған. Біз бұл құжат мазмұнының шындыққа сай келмейтінін, жалған екенін айтқымыз келеді. Әдетте, заң бойынша, көзбе-көз беттестіру хаттамасына айыпталушылар өздерінің жауаптарын растап қолдарын қоюлары керек. Хаттаманың соңында: «Хаттама біздің сөздерімізден жазылған, жеке оқыдық», – деген жазу бар да, астыңғы жолға «Нұрмақов», «Кушаев» деп аты-жөндері жазылған, бірақ қолдары қойылмаған, тұстарындағы «қолы» деген орын бос тұр. Одан кейін тергеушілер Гагкаев пен Меретуков қолдарын қойған.

Мынадай ой келеді. Екі арыс тергеушілердің қорлығы мен азабына қарамай жалған жаланы мойындарына алмай, қарсылық көрсетіп бас тартты ма екен? Әлде жазықсыз адамды жау етіп көрсету үшін неше түрлі қитұрқы, адам нанғысыз өтірік пен сұмдықты қиыннан қиыстырып құрастыруға шебер қандықол жендеттер өздері құрастырған хаттамаға атынан ат үркетін 58-баптан аман қалмайтындарын білген соң өмірлері қыл үстінде тұрған Нұрмақов пен Кушаевтың қол қоюларын керек етпеді ме екен? Тіпті көзбе-көз беттестірудің болмауы да мүмкін. Бірақ хаттама Нұрмақовтың тергеу ісіне тіркеліпті. Бұл ретте саяси қуғын-сүргін жылдары айыпталушының айыбын көбейту, қоюлату үшін жалған құжаттар жасау кеңестік құқық қорғау органдары үшін «аса маңызды» тапсырма, қалыпты дағдыға айналғанын ескеру керек» [1].

«Зерттеуші Б.Қабдөшев Нұрмақов туралы өз зерттеуінде партия және кеңес қызметкері Ә.Досовтың 1937 жылы тұтқындалғанда тергеушілерге Мәскеуге іссапармен келген Қазақстан басшыларының қай-қайсысы болсын Нұрмақовқа соқпай кетпейтінін, басқосуларда Қазақстанның жағдайы туралы қозғап, Нұрмақовтың оған қатысты мәселелерді шешуге көмектескенін, ұжымдастыру кезінде Ф.Голощекиннің өрескел қателерін айыптағанын, аштықтан халықты аман алып қалуға күш салғаны туралы айтқанын келтіреді. Белгілі ғалым Т.Омарбеков Н.Нұрмақовтың М.Мырзағалиевпен бірге Голощекиндік саясатты айыптап, 1931 жылы Сталинге арызданып кіргені туралы Ф.Голощекиннің жазған дерегі бар екенін айтады. Біздіңше, үкімет басшылары бұған дер кезінде құлақ асып, шаралар жасағанда, бәлкім, қазақ халқын аштық апатынан аман алып қалуға болар ма еді? Нұрмақов Қазақстаннан сыртта жүрсе де, оның тағдырына, келешегіне қатты алаңдады, елімен, халқымен бірге болды, өз мүддесінен ұлтының мүддесін жоғары қойып, өмірінің соңына дейін сол үшін күресті. Кеңестік бақылау органдары мұны ұмыт қалдырмады. Нұрмақовтың Мәскеудің Қазақстанға жаңадан қоныс аудару саясатын жүргізуіне, байлар мен ауқаттыларды кәмпескелеуге қарсылықтары, ауылшаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезінде Қазақстан басшылығының қателерін ашық сынағаны құжат болып қатталып, 1937 жылы оны ұлтшылдыққа айыптауға негіз болды» [2].

«Н.Нұрмақов 1937 жылы 27 қыркүйекте Мәскеуде атылды. Дәл осы күні Ә.Бөкейхан мен Х.Кушаевқа КСРО Жоғарғы Сотының «атылсын» деген үкімі шықты. Тағылған айыптың негізінде олардың ұлттық мүддеге, халқына жасаған ұлтжанды қызметтері жатты. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы…». Мәдидің асқақ әні! Әділдік пен теңдік үшін арпалысқан күрескер композитордың жан толғанысы, ішкі шері мен мұңы! Иә, солай. Бірақ осылай толғану тек Мәдиге ғана тән бе еді? Бұл Мәдидің өзі сүйсініп «Тіліңнің балы тамған бұлбұл інім, Арналған елің үшін мол білімің» деп келешегін жазбай танып бағалаған інісі, арманы мен мақсаты бір Нығмет Нұрмақовтың да туған еліне, жеріне деген махаббаты, сағынышы болатын» [3].

«Елден жырақта үлкен лауазымда ұлтына, нәсіліне қарамай бәріне бірдей қызмет қылып жүргенімен, жүрегінің түбінде туған Қазақстаны, оның кең-байтақ даласы, қасиетті Қарқаралысы жатты. Қазақстанның әр шыққан биігіне бірге қуанып, бір сәт туған елін, жерін сағынып көңілін мұң шалғанда «Атыңнан айналайын, Қарқаралым!» деп сан рет айтқан шығар. Қанатының астына алып, реті келгенде қолындағы биліктің күшін пайдаланып маңызды қаулы-қарарлар шығартып, оны халықтың пайдасына шешіп беріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай құрақ ұшып қамқор болды, мұны өзінің перзенттік парызы санады. Басқаша болуы мүмкін емес те еді. Балқантаудың бауырында Тәттімбеттің күйі тербеп, Қарқаралыда Алаш ағаларының тәлімін алған Нығмет Нұрмақов қазақтың сәулетті қалалары бар, оқыған даналары бар, ғылым мен техниканың жетістіктерін игерген білімді ұрпағы бар, өндірісі дүрілдеп, өрісі малға толған, ата кәсібін жоғалтпаған, дәстүр-салтын ұмытпаған «Сарыжайлаудың» көрінісіндей мамыражай, бейбіт, дәулетті, басқалармен терезесі тең, бақытты өмір сүруін арман етті. Нығмет Нұрмақов – туған халқының алдында парызын өтеп кеткен ұлт қайраткері.

Ал бүгінгі ұрпақтары – біздің баба алдындағы қарызымыз өтелді ме? Көрсетілген құрмет қандай? Осы сауал көкейден кетер емес.

Қарқаралы – Н.Нұрмақовтың кіндік қаны тамған, білім алған, қоғамдық-саяси көзқарасы қалыптасқан жер.

Қоғамдық-мемлекеттік қызметінің алғашқы кезеңі де Қарқаралыда басталған. Алашына өлшеусіз еңбек сіңіріп, өшпес мұра қалдырған Нығмет Нұрмақов – болмысы бөлек, тұғырлы, кесек тұлға!

Алаш аспанында еркін самғаған Қарқаралы қыраны» [3].

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның жинағына енген аталмыш мақаладағы тарих ғылымдарының кандидаты С.С.Қасымованың зерттеу деректерінен алынған ([1, 2, 3] – https://ortalyq.kz /250720200016-2/) деректерде жіберілген техникалық қателерге, яғни сілтемелердің дұрыс қойылмауына байланысты филология ғылымдарының кандидаты Б.Т.Тілеубекованың мақаласын өңдеуден өткізіп қайта ұсынып отырмыз. Осындай техникалық қателерге байланысты мақала жинақтан алмастырылатын болады.

Рахимова А.Н.,

техникалық хатшы,

Орталық Қазақстан академиясы