«Қарқаралы хан Бертіс және оның заманы»

Қарағандыда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Бертіс бидің тарихи рөлі талқыланды. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің тарих факультетінде XVII ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдың басында өмір сүрген даңқты би, қоғам және мемлекет қайраткері, Бертіс би Шаншарұлына арналған «Қарқаралы хан Бертіс және оның заманы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Замандастары оны «Қарқаралы хан Бертіс» деп атаған.

Конференцияның мақсаты – Бертіс бидің өмірі мен қызметін және өмір сүрген заманы туралы терең тарихи танымы бар ғылыми-зерттеулерге қызығушылық танытып отырған оқырман қауым мен көпшілікке насихаттау. Онда елімізге танымал ғалымдар XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың басында өмір сүрген Қазақ хандығының көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты биі Бертіс ханның қоғамдық-саяси өмірі мен қайраткерлік тұлғасы туралы ғылыми баяндамалар жасады. Олар қазақ пен жоңғар арасындағы соғыста, ел басына күн туған сол бір қиын шақта елінің бірлігі мен жерінің тұтастығы үшін аттан түспей жау бетін қайтарған батыл билердің арасында Бертіс Шаншарұлының орны ерекше екенін атап өтті. Тарихта «Қарқаралы хан Бертіс» атанған Бертіс бидің биік тұлғасы, халқын азаттыққа бастаған күрескер жолы – тарихшы ғалымдарды қызықтыратын зерттеу нысаны, бұл тақырып жас ұрпақтың жүрегінде ұлттық рухты көтеретін шежірелі тақырып болуы тиіс. Сондай-ақ конференцияға қатысушылар тарихи тұлғаның ғибратты өмірін насихаттап, ғылыми-зерттеулер мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге мұрындық болып жүрген баба ұрпақтарына алғыс білдірді.

– Бертіс Шаншарұлының ұрпақтары қазақ тарихында елеулі із қалдырған. Атап айтсақ, Арқадағы күй өнерін қалыптастырған Тәттімбет Қазанғапұлы бабамыз, Абай Құнанбайұлының ардақты анасы Ұлжан – Бертіс Шаншарұлының тікелей ұрпақтары. Бертіс би туралы зерттеулерді жалғастыру қажет, – деген мемлекет және қоғам қайраткері Берік Камалиев келесі жылы Бертіс бабамыз болған жерлерге (Балқаш, Сырдария, Түркістан, Ташкент) Бөкетов зерттеу университетінің ғалымдарымен бірге экспедиция ұйымдастыруға қолдау танытатынын айтты.

Ол тарих факультетінің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүрген студенттеріне ақшалай сертификат табыстады.

– Бүгінгі күнде іске асырылып жатқан мәдени-рухани шаралардың басты міндеті – халқымыздың бай тарихы мен дәстүрін насихаттап, әлемдік өркениеттің көшінде өзіміздің ұлттық реңкімізбен нық орнығу екенін барлығымыз білуіміз керек. Себебі тарихи жады мен мәдениеті биік қоғамда мемлекеттік идеологияның іргетасы да берік болады. Осы орайда өткен тарихымыздың қатпарлы беттерінің құпиялары және ата-бабаларымыздың үлгі-өнеге көрсетіп кеткен ғибратты ғұмыры туралы ғылыми-зерттеулерді жариялай берудің тәрбиелік құндылығы жоғары болмақ. XVII ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдың басында өмір сүрген кемеңгер би, қоғам және мемлекет қайраткері, сол дәуірде өмір сүрген замандастары арасында «Қарқаралы хан Бертіс» атанған Бертіс бидің тұлғалық өміріне арналып отырған ғылыми-практикалық конференцияның атқаратын жүгі де салмақты. Тарих дегеніміз – халықтың жады, зердесі. Сол өткен қасиетті тарихымызды қайта тірілтіп, өскелең жас ұрпақ пен зерделі қауымға даңқты тұлғаларының есімін қайта жаңғыртып насихаттау бәріміздің парызымыз болмақ, – деп атап өтті академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков.

Конференцияда Бертіс бидің өмірі мен қайраткерлік тұлғасын ашу бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, деректі фильмдер түсіру ісі қолға алынатыны туралы айтылды.

Сонымен қатар конференцияға Бертіс бидің жан-жақтан келген ұрпақтары да қатысты.

– Біз Тәттімбет ұрпағынан тараған ұрпақпыз, қуанышымызда шек жоқ, той тойға ұлассын! Әкеміз бабамыздың осындай тойын өткізуді армандап кеткен еді, сол күн, міне, бүгін туып отыр, – дейді Астана қаласынан келген Байрон Уәлиев.

– Мен Арғын, оның ішінде Қаракесек, оның ішінде Шаншар, одан Бертіс, оның ішінде Бектемір болам. Міне, осы күнге де жеттік-ау, бабамызды ұлықтап, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылып, алдағы аптада ас берілмек. Мұндай тұлғаларымызды ұмытпау, олардың өмірі мен еліне сіңірген еңбегін өз ұрпақтарымызға, жастарға сіңіру – біздің борышымыз, – деп атап өтті Рысбек Қорабаев.

Айта кетейік, «Қарқаралы хан Бертіс және оның заманы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы жарыққа шықты. Онда академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің және Люнебург, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларының жоғары оқу орындары ғалымдарының, оқытушыларының, ғылыми қызметкерлері мен магистранттарының ғылыми мақалалары мен баяндамалары жарияланған. Жинақ материалдарының мазмұны ЖОО оқытушыларына, ғылыми мекемелердің қызметкерлеріне, докторанттар мен магистранттарға, колледж, мектеп мұғалімдеріне, сондай-ақ барлық оқырман қауымға арналған.

«Бертіс ұрпақтары» қоғамдық қайырымдылық қорының» төрағасы Бағдат Сейтбатталов Бертіс бидің туғанына 390 жыл толатынын айтты. Аталмыш халықаралық ғылыми-практикалық конференция осы мерейтойға орай ұйымдастырылған.

– Қазақ даласында аты әйгілі Қарқаралы хан Бертіс деген бабамыз осыдан төрт жүз жылдай бұрын өмір сүрген. Бүгінгі конференция да сол бабамыздың 390 жылдығына орай ұйымдастырылды. Отырыс барысында ғалымдар ол кісінің қандай тұлға болғанын, қазақ даласына сіңірген еңбегі туралы баяндады. Бертіс хан – кезінде осы Қарағанды облысындағы Қарқаралы маңын жоңғар басқыншыларынан азат еткен азаматтардың бірі. Біздің қор былтыр қазан айында құрылып, содан бері үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. 28 маусымда Егіндібұлақта Бертіске ескерткіш ашамыз, ал 29 маусымда ас береміз. Ұлттық спорт түрлері болады, балалар арасында жүгіру жарыстары өтеді. Сондай-ақ Шымкенттен келген «Шаншар» театры мен жергілікті әртістердің қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама жоспарланған. Біздің қор қайырымдылықпен де айналысады, жақында Айнабұлақ ауылына жаңа жедел жәрдем көлігін сыйға тарттық, науқас екі азаматшамызға қаржылай көмектестік. Бұл істер мұнан әрі де жалғаса береді, – дейді Бағдат Сейтбатталов.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»