Арқаның қымызы халықаралық фестивальде үздік атанды

Қарағандылық қымыз өндірушілер Астанада өткен «BaiQymyz-2026» халықаралық гастрономиялық фестивалінен бес бірдей жүлдемен оралды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген өндірушілер бас қосқан айтулы шарада Арқа өңірінің ұлттық сусыны жоғары бағаланып, бірнеше номинация бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

Биылғы фестивальге Қазақстанның әр өңірі мен шетелден келген 59 қымыз өндіруші қатысты. Екі күнге созылған шара барысында келушілерге 56 тонна қымыз ұсынылып, фестивальге 70 мыңнан астам адам келген.

Қарағанды өңірі үшін ең үлкен жетістік – «Халық таңдауы» номинациясының жеңімпазы атану болды. Бұл марапат Қарқаралы ауданының Теректі ауылынан әкелінген қымызға бұйырды. Ашық онлайн дауыс беру барысында өнімге 7,5 мыңнан астам адам қолдау білдіріп, халықтың жоғары бағасына ие болды.

Сонымен қатар, қарағандылық өндірушілер «Емдік қымыз» номинациясында екінші және үшінші орындарды иеленіп, күміс және қола жүлделерге қол жеткізді. Ал Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандарының қымыз өндірушілері «Дәстүрді сақтаушы» және «Күміс тостаған» арнайы марапаттарымен наградталды.

Осылайша, Қарағанды облысының қымыз өндірушілері халықаралық деңгейдегі байқауда бес бірдей марапатқа ие болып, ұлттық сусынның сапасы мен емдік қасиетін, сондай-ақ ата кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан еңбекқор жандардың кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мамандардың айтуынша, мұндай фестивальдер ұлттық тағам мәдениетін дәріптеп қана қоймай, отандық өнімнің танымалдылығын арттыруға, ауыл кәсіпкерлерін қолдауға және қымыз өндірісін дамытуға тың серпін береді. Арқаның қымызының жоғары бағалануы – өңірдегі дәстүрлі жылқы шаруашылығы мен ұлттық сусын өндіру мәдениетінің лайықты нәтижесі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»