Арқа өнімі Астанада

Астанада алдағы демалыс күндері, 22-23 қазанда, Қарағанды облысының Ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Оған өңірдегі 164 шаруа қожалығы мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысады.

– 698 тонна ауылшаруашылығы өнімі жеткізіледі. Қарағанды ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер елордаға 138 тонна ет, 13 тонна сүт өнімі, 200 мың дана жұмыртқа, 430 тонна картоп, 95 тонна көкөніс, сондай-ақ балық, шұжық, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін апарады, – деп хабарлады Ауылшаруашылығы басқармасы.

Өнімдер нарықтық бағадан 10-15% арзанға сатылатын болады.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан облыс фермерлері жақсы өнім жинады. 900 мың тоннаға жуық астық бастырылды. 292 мың тонна картоп пен 58 мың тонна көкөніс жиналды. Бұл – аймақтың ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және облыстан тыс аймақтарға сатуға жеткілікті. Сондай-ақ мал басы мен малшаруашылығы өнімдерін өндіру үнемі өсіп келеді.

Жәрмеңкеге келушілер үшін концерттік бағдарламаны Қарағанды облысының шығармашылық ұжымдары дайындайды.

Жәрмеңке өтетін орын: Тұран, 48 мекенжайындағы «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаң.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі