Антибиотиктер енді тек рецептпен

Қазақстанда антибиотиктерді бақылаусыз қолдануға тосқауыл қою шаралары күшейтілмек. Денсаулық сақтау министрлігі бұл дәрілердің заңсыз саудасын шектеуді көздеп отыр. Мұндай шешімнің басты себебі – антибиотиктерге төзімді бактериялардың көбеюі және оның адам денсаулығына төндіріп отырған қаупі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бүгінде жер шарындағы микробтардың жартысына жуығы антибиотиктерге бейімделіп, оларға төзімділік таныта бастаған. Халықаралық сарапшылар жыл сайын әлемде шамамен 700 мың адамның антибиотиктермен емдеуге келмейтін инфекциялардан көз жұматынын айтады. Егер жағдай өзгермесе, алдағы 25 жылда дәріге төзімді бактериялардан болатын өлім-жітім көрсеткіші жылына 40 миллион адамға дейін жетуі мүмкін.

Мамандардың пікірінше, бұл мәселенің негізгі себептерінің бірі – антибиотиктерді орынсыз пайдалану. Көптеген адамдар бактериялық емес, вирустық инфекциялар кезінде де антибиотик қабылдайды немесе емдеу курсын соңына дейін жеткізбей тоқтатады. Нәтижесінде ағзада дәріге бой бермейтін жаңа бактерия штамдары пайда болады.

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері, клиникалық фармаколог, PhD қауымдастырылған профессоры Екатерина Юхневич антибиотикке төзімділік тек оны шамадан тыс пайдаланған адамдарға ғана қауіп төндірмейтінін айтады.

– Сіз өмір бойы антибиотик қабылдамауыңыз мүмкін. Бірақ антибиотикке төзімді бактерияны жұқтырған адаммен байланысқа түссеңіз, ол сізге де беріледі. Сөйтіп, дәріге бой бермейтін мутацияланған бактерия сіздің де ауыруыңызға себеп болуы мүмкін, – дейді маман.

Қазақстанда да микробтар тез бейімделетін күшті антибиотиктерді орынсыз қолдану белең алған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, адамдар кейде бұл препараттарды мал мен құс шаруашылығында қолданылатын ветеринариялық дәрілердің қалдықтары арқылы да байқамай тұтынады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Айгерім Садубаева ветеринариялық талаптарды сақтаудың маңызын атап өтті.

– Әрбір фермер немесе мал шаруашылығы өнімдерін өндіруші ветеринариялық препараттардың қалдықтары ағзадан толық шығатын мерзімді қатаң сақтауы тиіс. Тек осы уақыт өткеннен кейін ғана малды сойып, етін сатуға шығаруға болады, – дейді ол.

Дегенмен мамандар басты мәселе тұрғындардың өз бетінше емделуінде екенін айтады. Осыған байланысты алдағы уақытта антибиотиктерді рецептсіз сатуға бақылау күшейтіледі. Қазіргі кезде дәріханаларға тексеру жүргізіліп, бақылау мақсатында сатып алу әдістері қолданылып жатыр. Сонымен бірге дәрілік заттарды таңбалау жүйесін кеңейту және тұрақтылық қаупі төмен антибиотиктерді бірінші кезекте тіркеу жоспарлануда.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Вячеслав Локшин дамыған елдерде рецептсіз дәрі сатып алу тәжірибесінің жоқ екенін атап өтті.

– Жақында Еуропа елдерінің бірінде болдым. Онда қарапайым дәрілердің өзін дәрігердің рецептісіз сатып алу мүмкін емес. Ал бізде дәрігерге қолжетімділік әлдеқайда жоғары. Сондықтан өздігінен емделудің еш қажеттілігі жоқ, алдымен маманның кеңесіне жүгіну керек, – деді профессор.

Дәрігерлер антибиотиктерді ғана емес, кез келген дәрі-дәрмек пен биологиялық белсенді қоспаларды блогерлердің кеңесімен немесе интернеттегі ақпаратқа сүйеніп қабылдамауға шақырады. Өйткені толықтай зиянсыз препарат болмайды. Кез келген дәрілік зат ағзаға, әсіресе бауыр мен бүйрекке белгілі бір деңгейде салмақ түсіреді.

Мамандардың пікірінше, антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау – әр адамның жеке денсаулығын қорғау ғана емес, қоғамды қауіпті әрі дәріге төзімді инфекциялардың таралуынан сақтаудың маңызды шарты.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»