Аналарға арналған орталық

Қарағандыда Облыстық клиникалық аурухана жанынан Әйелдер денсаулығы орталығы жабдықталады. Аталған орталық қауіп факторларын анықтау үшін жүкті әйелдерді ерте мерзімде тексеруге мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігінде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру туралы айтылды.

Облыста бала және босандыру ұйымдары жаңғыртылуда. Облыстың перинаталдық орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Онда жаңа медициналық техника, SOS жедел әрекет ету жүйесі орнатылған.

Облыстық клиникалық аурухана жанынан Әйелдер денсаулығы орталығы құрылады. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенованың айтуынша, оның ашылуы қараша айына жоспарланған.

– Оның құрамына Облыстық перинаталдық диагностика скринингтік орталығы, Босандыру мен балалық шақтың ахуалдық орталығы және Жедел гинекология орталығы сияқты бөлімшелер кіреді. Бұл бөлімшелерді жабдықтау үшін жоғары технологиялық медициналық аппаратура сатылып алынды. Сонымен қатар әр өңірге жетекшілік ету үшін құзыреттілік орталықтары құрылатын болады, – деп хабарлады Бибігүл Төлегенова.

Онкологиялық көмек те жақсаруда. Облыстық онкологиялық орталықта өткен жылы басталған операциялық-реанимациялық корпустың құрылысы аяқталуда. Бұдан басқа МЖӘ шеңберінде толыққанды Сәулелік диагностика және терапия орталығын құру үшін ПЭТ-КТ аппараты және желілік үдеткіш орнатылады.

Өңірде алдағы үш жылда 96 ауылдық денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Биыл алты фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуы тиіс. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Қалаларда МЖӘ көмегімен жаңа емханалар ашылуда.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 23 компьютерлік томограф және 9 МРТ кабинеті жұмыс істейді. Биыл медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен жабдықтауға облыстық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі